Пресс-центр/
Жаңалық

KazSat-2R-ден бас тарту бойынша пресс-релиз

Автор - АО "РЦКС"
Аудармашы -
Күн: 25.02.2021

Бүгінгі таңда Қазақстанда «KazSat» ғарыштық байланыс жүйесі табысты жұмыс істейді, спутниктер Республика аумағында және одан тыс жерлерде мемлекеттік және коммерциялық пайдаланушылардың мүдделері үшін қызмет атқарады.

«Спутниктік жүйелердің ұлттық операторы» «РҒБО» АҚ «KazSat-2» және «KazSat-3» екі байланыс ғарыш аппараттарын басқара отырып, спутниктік байланыс және хабар тарату жүйелерін құру және пайдалану бойынша 16 жылдан астам тәжірибесі бар.

Телерадио хабарларын тарату, DTH және IPTV қызметтерін, Интернетке кең жолақты қол жетімділік, деректерді беру, бейнеконференциялар, VSAT желілерін құру, ведомстволық және корпоративті байланыс желілерін ұйымдастыру бойынша қызметтердің кең спектрі ұсынылады.

Ғарыш аппараттарын басқару «Ақкөл» және «Көктерек» ғарыштық байланыс орталықтары арқылы жүзеге асырылады. Ғарыш саласының қалыптасу жылдарында қажетті жер үсті инфрақұрылымы құрылды, құзыретті инженерлік-кадрлық құрам қалыптасты, ғарыш жүйелерін одан әрі жетілдіру үшін барлық жағдайлар жасалды.

«KazSat-2R» жобасының негізгі міндеттері «KazSat-2» спутнигін жоспарлы алмастыру, Қазақстанның орбиталық-жиіліктік ресурсын қорғау және Нұр-Сұлтан қаласындағы ғарыш аппараттарын Құрастыру-сынау кешенін пайдалану болатын. Алайда, әлеуетті серіктестерден осы жобаны жүзеге асыру бойынша алынған ұсыныстар жобаның мақсаттарына және мемлекет мүдделеріне сәйкес келмеді. Осыған байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «KazSat-2R» жобасын инновациялық шешімдердің, оның ішінде жаңа буынның спутниктік байланыс шоқжұлдыздарының пайдасына тоқтату туралы шешім қабылдады.

Бұл жобадан бас тарту отандық байланыс жүйесін дамыту жоспарларына кері әсерін тигізбейді. Ғарыштық байланыс жүйесінің барлық стратегиялық міндеттері орындалады. «KazSat-2» және «KazSat-3» екі ғарыш аппараттарынан тұратын қолданыстағы «KazSat» шоқжұлдызы қазіргі сұранысты толығымен қанағаттандырады. «KazSat-2» спутнигінің белсенді қызмет ету мерзімі аяқталғаннан кейін (шамамен 2024-2025жж.) мемлекеттік органдар мен қорғаныс қызметтерінің желілері «KazSat-3» -ке ауыстырылады. Осылайша, сандық телерадио хабарларын қоса алғанда, стратегиялық міндеттерді, елдің қорғанысын қамтамасыз етуді сыйымдылығы осы мақсаттарға жететін «KazSat-3» спутнигі орындайтын болады. Болашақта «KazSat-3» спутнигін жоспарлы ауыстыру (шамамен 2029 жылы) сол кездегі барлық тенденциялар мен технологиялардың дамуын ескере отырып жүзеге асырылады.

Спутниктік байланыс телекоммуникацияның ең күрделі технологиялық секторы болып саналады. Спутниктік ресурстар мен қызметтер нарығы өте жоғары бәсекелестікпен сипатталады және трансформацияның қиын кезеңін бастан өткеруде. Ақпараттық технологиялардың дамуындағы халықаралық трендтер бағытына қарай операторлар мен соңғы пайдаланушылардың қажеттіліктері өсуде. Заманауи интерактивті шешімдер байланыс арналарының өткізу қабілеттілігін арттыруды талап етеді, бұл сигналдардың сапасына және жаңа қызметтерді енгізу сұраныстарына айтарлықтай әсер етеді.

Сонымен қатар, біз жаңа спутниктік технологиялар беретін мүмкіндіктерден қалыс қалмауымыз керек деп санаймыз. Шетелдік серіктестермен, соның ішінде технологиялар трансферті бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Келіссөздердің егжей-тегжейін жария етпеу туралы шарттарға қол қойылғанына байланысты, нәтижелері мен шешімдерін айту әлі де ерте.

Қазіргі заманғы жағдайларда классикалық Геостационарлық спутниктерді ұшыру ғарыш аппараттарының технологиялылығымен бірге оңтайлы қаржылық модель қалыптастыруды талап етеді. Қосымша геостационарлық спутникті құру бойынша жұмыс жалғасуда, дегенмен жаңа тәсілді ескере отырып жасалуда. Осыған байланысты, өз күшімізді перспективалық ғарыштық байланыс технологияларына, оның ішінде геостационарлық емес кең жолақты спутниктік байланыс жүйелері ретінде жаңа буын жүйелеріне, «KazSat-3R» ғарыш аппаратын ауыстыру тұрғысынан баламалы шешімдер дайындауға бағыттауды мақсатқа сай деп санаймыз. Одан басқа, қазіргі кезде геостационарлық спутниктік байланыс жүйелерімен қатар жаңа типтегі спутниктік байланыс жүйелері коммерциялық пайдалану немесе пайдалануға енгізу сатысында. Бұл ғаламдық жоғары жылдамдықты, төменгі кідірісті геостационарлық емес спутниктік жүйелер (ГСОЕ жүйелер). Жерге жақын және орташа орбитадағы спутниктік жүйелер сигналдың кешігуімен барлық жерде жоғары жылдамдықты Интернетті қамтамасыз етуге қабілетті. Бүкіл әлем жаңа буын спутниктерін сынаудың белсенді кезеңін бақылап отыр.

Біздің компанияның негізгі қызмет бағыттарының бірі - ГСО емес жүйелерді жеткізушілермен ынтымақтастық орнату және осы жүйелерді Қазақстан Республикасының мүддесінде пайдалану. Сәтті ынтымақтастық Қазақстанның жерүсті ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылмаған ауылдық елді мекендерін, өнеркәсіптік кәсіпорындарын, іскери қауымдастығын сипаттамалары бойынша жерүсті байланыс арналарымен салыстыруға болатын кең жолақты Интернетке қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта «РҒБО» АҚ ГСО емес жүйелердің провайдерлерімен байланыс арналарын орналастыру, қажетті жерүсті инфрақұрылымын құру, компоненттерді өндіру және Нұр-Сұлтан қ. Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің (ҚСК) қуатында құрастыру және сынау жұмыстарын жүргізуге қатысты өзара әрекеттесу бойынша жұмыс жүргізуде.

Қорытындылай келе, «KazSat-2R» жобасын тоқтату туралы шешім ойластырылған және әлемдік ғарыш индустриясында қалыптасқан шындыққа сәйкес келеді және «РҒБО» АҚ тұтынушылардың қажеттіліктерін, соның ішінде «KazSat-3» спутнигінде үздіксіз қамтамасыз ету үшін жеткілікті ресурстарға ие деп тұжырымдауға болады.

Жақын аралықта біз ғарыштық байланыс саласындағы серпінді жобалардың куәгері болып қана қоймай, оған толыққанды қатысушы болатындығына сенімдіміз.