Пресс-центр/
Жаңалық

Байқоңырдан «Союз-2.1б» зымыраны One Web жерсеріктерінің жаңа партиясымен ұшырылды

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Алуа А. Сарбалина
Күн: 15.09.2021

БАЙҚОҢЫР. ҚАЗАҚПАРАТ– 2021 жылы 15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 00 сағат 07 минутта Байқоңыр ғарыш айлағының 31-ші алаңынан «Союз-2.1б» зымыран тасығышы «Фрегат» үдемелі блогымен және OneWeb компаниясының 34 аппаратымен ұшырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Хабарлағанымыздай, Байқоңырдан ұшырылымның трансляциясы ұшырылымға бір сағат қалғанда басталды. Осы уақыт ішінде Роскосмос телестудиясы ұшыруға дайындық туралы бейнероликтерді, төмен орбиталы жерсеріктердің артықшылықтары туралы мамандардың пікірлерін, Байқоңыр ғарыш айлағының «Шығыс» ұшыру кешенінен тікелей трансляцияларды көрсетті.

Космодромдағы ауа райы жақсы, ашық, желсіз, +16 градус. Іске қосу қалыпты режимде өтті. «Союз 2.1 б» зымыран тасығышының сатыларының бөлінуі ұшу циклограммасына сәйкес жүзеге асты, ұшырылғаннан кейін 10-минутта жерсеріктердің шоқжұлдызы бар бас блок Жер орбитасына шығарылды.

Жерсеріктерді одан әрі белгіленген орбитаға шығару «Фрегат» үдемелі блогының көмегімен жүзеге асырылатын болады.

Еске салайық, One Web жерсеріктерінің алдыңғы ұшырылуы 2021 жылы 22 тамызда осы Байқоңыр ғарыш айлағынан болған.

Бүгінгі таңда OneWeb жерсеріктерінің шоқжұлдызы Жердің төменгі орбитасында 288 ғарыш аппаратынан тұрады. Ұшырылғаннан кейін, орбитадағы OneWeb ғарыш аппаратының шоқжұлдызы 322-ге жетуі керек. Төмен орбиталы OneWeb ғарыш аппараттары жердегі тұтынушыларды жоғары жылдамдықты Интернетпен қамтамасыз етуге арналған.

Бұрын хабарлағанымыздай, Нұр-Сұлтанда, ҚР Ұлттық ғарыш орталығының алаңында OneWeb компаниясының жабдығын орнату мен баптау бойынша жұмыстар аяқталуда.

https://www.inform.kz/ru/s-baykonura-zapuschena-raketa-soyuz-2-1b-s-novoy-partiey-sputnikov-one-web_a3836395