Пресс-центр/
Жаңалық

«Біз «Қазсаттың» жүрегі қалай соғатынын естиміз!» - РҒБО жас инженерлері

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Алуа А. Сарбалина
Күн: 11.09.2021

АҚКӨЛ. АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚАЗАҚПАРАТ - Бүгінде Ұлттық ғарыш агенттігі (Қазғарыш) Қазақстандағы жоғары білім жүйесіне кіріктірген «ғарыш техникасы мен технологиясы» мамандығы өзекті және сұранысқа ие. Ғарыш мамандықтарының алғашқы түлектері Қазғарыш кәсіпорындарына жұмысқа келеді. 2021 жылдың жазы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика-математика факультетінің екі түлегі үшін шешуші болды - олар ғарыштық байланыс бойынша мықты мамандар болу үшін елордадан жүз шақырым жерде орналасқан Ақкөл қаласына келді. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында Дарья Комарова мен Карина Пангиреева оларды Қазақстанның солтүстігінде провинциялық қаланы таңдауға және Ғарышты жақсы көруге не себеп болғаны туралы айтып берді.

-Дарья, Карина, 2021 жылдың 12 шілдесінен бастап сіздер «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығының қызметкері болдыңыз. Сіз бұл орталық туралы қайдан білдіңіз, неге жұмысқа бөлу кезінде осында жұмыс істеуді шештіңіз? Дарья: Біздің Республикалық ғарыштық байланыс орталығының (РҒБО) «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығымен (ҒЗО) танысуымыз 2019 жылдың басында басталды, біз, Алматыдан келген үш студент, Ақкөл деп аталатын шағын қалаға алғаш келген кезіміз. Бұл сапар біздің болашақ мамандығымызға деген көзқарасты түбегейлі өзгертті. «Ғарыш техникасы және технологиясы» мамандығы бойынша біздің кафедрада оқудың 4-курсының 2-ші семестрінде өндірістік тәжірибеден өту міндеті қойылды. ЖОО студенттерді ғарыш қызметіне байланысты алматылық компанияларға бөлді. Бізде таңдау болды: жаңа орын табу немесе бұрыннан болған жермен танысу. Біз Алматының маңында орналасқан «Көктерек» жерүсті басқару кешеніне (ЖБК) шағын экскурсияны есімізге түсірдік. Онда біз Астанадан алыс емес жерде орналасқан қазақстандық «Kazsat» байланыс және хабар тарату ғарыш аппараты үшін негізгі басқару кешені болып табылатын осындай ЖБК бар екенін білдік. Содан соң біз Ақкөлдегі персоналды басқару бөліміне хабарласып, ұшуларды басқару орталығында (ҰБО) өндірістік тәжірибеден өтуге келістік.

Карина: 2019 жылдың 13 қаңтарында біз солтүстік астананың теміржол вокзалында тұрдық. Болашағымызға барар жолдағы қар басқан жолдарға қарап, бізді қандай адамдар мен тәжірибелер күтіп тұрғанын білмедік. Келесі күні біз «Ақкөл» ҒБО-на келіп, қызметкерлермен және олардың жұмысымен таныса бастадық. Бізге әр бөлім мен бүкіл кешен бойынша экскурсия жасалды. Сол күні біз екі айға арналған тәжірибе жоспарын құрдық. Осылайша біз ұшуларды басқару орталығына келдік. Бізде Қазақстанда ғарыштағы шамамен 36000 км биіктіктегі жерсеріктерді өз қолыңызбен басқара алатын орталықтың болуы, бұл түсініксіз кеңістік соншалықты жақын болу мүмкіндігі біз үшін ғажап болды!

- Орталықта сізді қалай қарсы алды? Дарья: Бірінші күннен бастап біз барлық қызметкерлердің назарын, қамқорлығын, жылы қарым-қатынасын сездік, және олардың білімі бізді таң қалдырды. Осылайша, бізге «Kazsat-2» және «Kazsat-3» жерсеріктерінің құрамы туралы құжаттамаға рұқсат берілді. Кез келген уақытта біз кез келген қызметкерлерден көмек сұрай алатын едік, тіпті егер үнемі сұрақ қоймайтын болсақ та, олар бізге жақындап, барлығын түсіндіретін. Бізге бейсенбіде дәрістер өткізіліп, әр апта сайын лекторлардың ауысуы өте әсер етті. Бұрыннан бар білімдеріне қарамастан, ғарыштық байланыс орталығының қызметкерлері жаңа нәрсені үйренуді жалғастырып отыратын. Біздің жоспардың әр кезеңі кішігірім ауызша емтиханмен өткізілді, бұл материалды жақсы есте сақтауға және одан әрі мұқият дайындалуға мүмкіндік берді. Біздің қызығушылығымызды байқаған олар біз оқығандарымызды іс жүзінде көбірек көрсете бастады. Бағдарламалық кешендерде бізге ғарыш аппараттары (ҒА) жүйелерінің өзара байланысы түсіндірілді, сонымен қатар баллистикалық-навигациялық қамтамасыз ету секторында ғарыш аппараттарының қозғалысына қалай тікелей әсер етуге болатыны көрсетілді. Кейде бізге кейбір батырмаларды басуға да рұқсат берілді: мұндай сәттерде мақтаныш пен жауапкершілік сезімі бізді басып кететін!

Карина: Ақкөлде тұрған екі қыс айында біз қаланың тыныштығы мен жайшылығына өте үйреніп кеттік. Туыстарымыз бізден - Сізге сонда кішкентай қалада қалай, жалықпайсыз ба?- деп сұрайтын. Біздің орталық қарағайлы орман арасында орналасқан, біз жұмысқа жаяу барамыз. Бірақ біз ешқашан жалыққан емеспіз. Шын мәнінде, егер сіз қаласаңыз, өзіңізге әрқашан айналысатын іс таба аласыз. Демалыс күндері біз орманда серуендедік. Ал бізге, алматылықтарға, 50 сантиметрлік қар шындыққа жанаспайтындай болып көрінген. Мұндағы бір рет жауатын осынша қар Алматыда бүкіл қыс бойы жаумаған деп жиі әзілдейтінбіз. Бізге алғашқы күндердің бірінде шкафтың артында ҰБО бастығының гитарасын байқап қалғанымыз сәтті болды. Біз бірнеше күн бойы оны сұрап алуға батылдығымызды жинадық. Әрине, бізге оны алуға рұқсат берді, және бұл біздің кештерімізді де, демалыстарымызды да ажарлай түсті. Біз гитараны жөндеп, күйін келтіріп, енді ол жылы әрі жайлы естілді. Осындай қолдау, жылу мен достық атмосферасында екі айлық тәжірибеміз тез өтіп кетті. Біз теориялық білімнің жақсы базасын алып қана қоймай, оны іс жүзінде қолдай білдік. Осы уақыт ішінде біз үшеуміз өте жақсы дос болдық және туған қаламызға оралғанда өзімізді кішкентай отбасы сияқты сезіндік. Өндірістік тәжірибе аяқталғаннан кейін ҒБО басшысы Қайрат Қуандықұлы Телгарин біздің болашақ жоспарларымызды сұрап, оларға орталыққа қызметкер ретінде оралуды ұсынды. Біз солай жасадық: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өз мамандығымыз бойынша екі жылдық магистратура оқуын аяқтап, сұхбаттасудан өтіп, жазда Ақкөлге қайта оралдық.

- Осылайша 2021 жылдың 12 шілдесінен бастап ғарыш техникасы мен технологиясы бойынша магистранттар Дарья Комарова мен Карина Пангиреева - «Ақкөл» ҒБО қызметкерлері. Қазіргі әсерлеріңіз қандай, «ғарыштық байланыс» дегенді қарапайым сөзбен қалай түсіндірер едіңіз? Дарья: Қазіргі уақытта біз сынақ мерзімін аяқтадық, емтихан тапсырдық, бізге ғарыш аппараттарын пайдалануға рұқсат берілді. Енді біз ҰБО жұмысын толығырақ зерттеп жатырмыз. Біз үшін жұмыстың басталуы жаңалық емес, тек екі жыл бұрын басталған қозғалыстың жалғасы болды. Бұл жерде бізді ескі таныстар ретінде бұрынғыдай жылулықпен қарсы алды. Біз барлық қызметкерлерден «қош келдіңіз» дегенді естідік. Айтпақшы, команданың үшінші мүшесі Роланд Пилпани магистратураны бітіргеннен кейін Қытайдағы білімін одан әрі жетілдіруге кетті, себебі біздің ғарыштық мамандығымыз қазір бүкіл әлемде үлкен сұранысқа ие. Карина: Ұшуларды басқару орталығында үш бөлім бар: ұшуларды басқару бөлімі - мұнда ғарыш аппаратының жағдайы үздіксіз бақыланады. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл функцияны адам денесімен салыстыруға болады - бұл адамға әр түрлі сезбектерді қосып, оның жағдайын бақылап отыру сияқты. Қысымы жақсы ма, жүрек соғып тұр ма және т.б. Ал егер бірдеңе болса, ол міндетті түрде мониторда көрсетіледі, бұл ретте нашар жағдайды жою үшін шаралар қолдану қажет. Біз үшін ғарыш аппараты - үнемі бақылауда болатын адам, ал біз оның дәрігеріміз. Ал біздің басты міндетіміз - оған қамқорлық жасау. Екінші баллистикалық-навигациялық қамтамасыз ету бөлімі балаға сүрінуге және құлауға, адасуға жол бермейтін ана сияқты. Яғни, бұл бөлім қызметкерлері жерсеріктің орбитасын үнемі реттеп отырады. Ал ҒА жағдайын жоспарлау және бақылау бөлімінде ҒА өз уақытында орындауы тиіс міндеттерді жоспарлайды. Сол бөлімде барлық тапсырмалар аппарат түсінетін тілде жазылған. Ғарыш аппараты үшін бұл бөлім не істеу керектігін айтатын дос деп айта аламыз.

Дарья: Бізден «Алматыдан мұнда «орманға» қалай көшуге болады?» деп жиі сұрайды. Бірақ айтқандай, «адамды жасайтын қала емес, қаланы жасайтын адам». Біз бұл қала мен халықтың – РҒБО, атап айтқанда «Ақкөл» ҒБО мамандары мен қызметкерлерінің, біздің «Қазсат» ғарыш аппараттарының жүрегі ғарышта қалай соғатынын түсінуге және естуге мүмкіндік бергеніне, бүкіл еліміз - Қазақстан Республикасын үзіліссіз ғарыштық байланыспен қамтамасыз етуге қатысатынымызға өте қуаныштымыз! - Қыздар, шынайы сұхбатыңызға рахмет. Сіздерге сәттілік, табыс, бақыт тілейміз!

https://www.inform.kz/ru/my-slyshim-kak-b-etsya-serdce-kazsata-molodye-inzhenery-rcks_a3835126