Пресс-центр/
Жаңалық

Қазақстан мен Тәжікстан ғарыштық байланыс қызметтерін көрсету туралы шартқа қол қойды

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Алуа А. Сарбалина
Күн: 15.07.2022

ДУШАНБЕ. БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ – Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ (РҒБО) және «Исател» ЖШҚ (Тәжікстан) «Kazsat-3» ғарыш аппаратының транспондерлік сыйымдылығын ұсыну бойынша қызметтерді көрсету туралы шартқа қол қойды.

Құжатқа сәйкес, Тәжікстанда қазақстандық жерсеріктік байланыс ресурстары арқылы еліміздің жетуге қиын аудандары үшін байланыс арналары ұйымдастырылады.

Шартқа «РҒБО» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Василий Леонов пен «Исател» ЖШҚ директоры Умед Тагоев қол қойды.

«Исател» ЖШҚ компаниясы «Телерадиоком» ААҚ еншілес ұйымы және Тәжікстандағы байланыс операторы болып табылады. Оның Душанбе қаласында өзінің телепорты және желілік басқару станциясы бар, елдің мемлекеттік органдары мен жеке компаниялары үшін Интернетке қол жетімділікті қамтамасыз етеді.

Халықаралық нарыққа шығу – екі байланыс жерсерігінен және жерүсті басқару кешендерінен тұратын, «Kazsat» ғарыш жүйесін сәтті басқаратын Қазақстан Республикасының ұлттық ғарыштық байланыс операторы - «РҒБО» АҚ маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.

Қазақстанның жерсеріктік байланыс жүйесі еліміздің байланыс қызметтеріне қажеттілігін толығымен қамтамасыз етеді, «РҒБО» АҚ Қырғыз Республикасына да ғарыштық байланыс өнімдерін жеткізеді.

Цифрлық индустрия қызметтерінің экспортын ұлғайту – бұл міндетті ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет экономикасын дамытудың құрамдас бөліктерінің бірі ретінде атап өтті.

Ғарыштық байланыс саласындағы жаңа халықаралық шартқа қол қою «РҒБО» АҚ ұжымының кәсіби жұмысының нәтижесі болып табылады және Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан арасындағы ынтымақтастықтың жаңа даму келешегін ашады.