НҰР-СҰЛТАН. МЕНШІКТІ АҚПАРАТ. 2019 жылғы 28 қазанда ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев сөз сөйледі.

Ол ауылдық елді мекендерді Интернетпен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың барысы туралы мәлім етті, деп хабарлайды «Қазақпарат» ХАА.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын және «Цифрлық Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында біз Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерін Интернет желісіне кеңжолақты қолжетімділік қызметтерімен қамтамасыз ету бойынша жоспарлы жұмыстарды жүргізудеміз. Қазіргі уақытта елде КЖҚ (кең жолақты қолжетімділік) қызметтеріне 117 қалада және 3324 ауылдық елді мекенде қолжетімді. Олар түрлі технологиялармен, соның ішінде талшықты-оптикалық желілермен, 3G және 4G желілерімен қамтамасыз етілген», - деді Асқар Жұмағалиев.

Министр 2018 жылы Қазақстан ұялы байланыс абоненттерінің саны бойынша дүниежүзілік рейтингте 21-ші орынға ие болғанын атап өтті. Қазақстанда Интернетті пайдаланушылар саны 2018 жылы 81,3%-ды құрады және дүниежүзілік рейтингте Қазақстан 45-орынға ие болды.

«2018-2022 жылдары ауылдық елді мекендердің Интернет желісіне кең жолақты қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында талшықты-оптикалық және LTE (4G) желілерінің құрылысы жоспарлануда», - деп түсінік берді Асқар Жұмағалиев. Министрдің айтуынша, жобаны жүзеге асыру 1 250 ауылдық елді мекенде жоғары жылдамдықты Интернетке қолжетімділікке мүмкіндік береді. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 83 ауылдық елді мекенде талшықты-оптикалық желілер қосылған (оның ішінде 85 денсаулық сақтау нысаны және 76 білім беру нысаны). 2019 жылдың соңына дейін 685 ауыл Интернет желісіне қосылады, 2020 жылы қалған 509 ауылды қосу жоспарлануда. Бұған қоса, 2020-2022 жылдары 4G (LTE) ұялы байланыс желісін және басқа да технологияларды дамыту арқылы 3 143 ауылды Интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Жоғарыда көрсетілген жобаларды іске асыру аясында 2020 жылдың аяғына дейін 250 және одан да көп тұрғыны бар 880 АЕМ (ауылдық елді мекен) Интернет желісіне кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар, алдағы уақытта 50 және одан да көп тұрғыны бар 885 АЕМ қосу жоспарлануда. Қорытындысында 2022 жылдың аяғына дейін 5089 ауылдық елді мекен Интернет желісіне қосылатын болады. «Қалған ауылдар үшін спутниктік технологияларды қолдана отырып Интернетпен қамтамасыз етудің техникалық мүмкіндігі қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар, ауылдық елді мекендерді Интернет желісіне қосу Ұлттық экономика министрлігі дайындаған перспективалы ауылдар тізіміне сәйкес жүзеге асырылатын болады», - деп нақтылады Асқар Жұмағалиев.

ҚР Ғарыштық байланысының ұлттық операторы болып табылатын «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ (РҒБО) «Kazsat-2» және «Kazsat-3» спутниктерінің ресурстарын цифрлық телерадио хабарларын тарату, Интернет желісіне кең жолақты қолжетімділік, деректерді беру және әртүрлі топологиядағы корпоративтік спутниктік байланыс желілерін құру қызметтерін көрсету үшін жерүсті байланыс операторларына ұсына отырып, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға белсенді қатысуда.

FaLang translation system by Faboba