Пресс-центр/
Жаңалық

ҚР ЦДИАӨМ Байқоңыр ғарыш айлағына туристер қалай заңды түрде кіре алатынын түсіндірді

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Алуа Сарбалина
Күн: 22.07.2024

АСТАНА. ҚАЗАҚПАРАТ – Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің мүдделері мен жалдау шарттарында жұмыс істейтін осы стратегиялық объектінің өткізу режиміне байланысты Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағына бару мәселесі әрдайым қиындау болды. Ғарыш айлағының аумағында шетелдік азаматтарды ұстау және оның қайғылы нәтижемен аяқталу жағдайлары белгілі. Байқоңыр ғарыш айлағына заңды түрде қалай кіруге болады? Бұл сұраққа ҚР ЦДИАӨМ Аэроғарыш комитетінде жауап берді.

- Жағымсыз жағдайларды алдын алу үшін Байқоңыр ғарыш айлағына барғысы келетін туристерге ҚР ЦДИАӨМ Аэроғарыш комитеті Байқоңыр ғарыш айлағында «Зенит-М» ғарыштық зымыран кешенін пайдалануды жүзеге асыратын «Бәйтерек» БК» АҚ-ны қарауды ұсынады, - делінген Қазғарыштың ақпараттық хабарламасында.

Бүгінгі таңда «Бәйтерек» БК» АҚ Қазақстан мен Ресейдің оннан астам туристік фирмаларымен ынтымақтасатыны белгілі және қалауыңызша бару үшін өз нысандарын ұсынады.

- Жерүсті ғарыштық инфрақұрылымын пайдалану жөніндегі ағымдағы жұмыстарға қарамастан, «Бәйтерек» БК» АҚ «Зенит-М» ҒЗК объектілерінде 1000-нан астам турист қабылдады және объектілердің тартымдылығын жақсарту бойынша жұмысты жалғастыруда, оның ішінде 50-ден астам адам сыятын өзінің «Южная» қонақ үйі бар. Туристерге ыңғайлы болу үшін кәсіпорын «Байқоңыр» ғарыш айлағына жедел рұқсат алуға көмектесетін «Baikonur» мобильді қосымшасын әзірледі. Мобильді қосымша тестілеу режимінде қазақстандық және ресейлік тараптардың сынау сатысында. Android және iOS платформаларында еркін қол жеткізу ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарлануда, - делінген хабарламада.

Қазғарыш ғарыш айлағына заңсыз барып, денсаулыққа қауіп төндірмеуді қатаң ұсынады және Байқоңыр ғарыш айлағына бару үшін «Бәйтерек» БК» АҚ-ның bayterek_filial@bayterek.kz электрондық мекенжайы бойынша өтінімдер жіберуді сұрайды.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Байқоңырға сапары барысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені құрылып жатырған «Зенит-М» ұшыру алаңына барды.