Пресс-центр/
Жаңалық

Қазақстанның ғарыштық байланыс инженері еліміздің үздік маманы атанды

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Лида Тастенова
Күн: 09.12.2022

АСТАНА. ҚАЗАҚПАРАТ - 2022 жылғы 9 желтоқсанда «Bilim orkenieni» Ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы «Тәуелсіздік – біздің алтын тұғырымыз» республикалық конференциясында Қазақстан Республикасының Жылдың үздік мамандарын марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марапатталғандардың арасында «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығының (ҒБО) Аппараттық-бағдарламалық және метрологиялық қамтамасыз ету орталығының басшысы Максим Куцев бар. Ол өз саласында қалай еліміздің ең үздік маманы болуға болатыны, Қазақстанның ғарыштық байланысына қосқан үлесі, өзінің кәсіби жоспарлары туралы біздің агенттікке берген сұхбатында айтып берді.

«Өзге елді сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол». Осы мақалға көзқарасыңыз, Максим?

- Орынды айталған мақал деп есептеймін және мен туралы дәл айтылған. Ақмола жері мен үшін туған жер, мен осында дүниеге келдім. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде оқып жүрген кезінде Щучье аудандық «Бурабай» телекоммуникация торабында электрмен жабдықтау цехында электромонтер болып жұмыс істей бастадым. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Щучинск қаласында инженер-электрик болып жұмысты жалғастырдым.

2005 жылы Қазақстан өзінің алғашқы байланыс жерсерігін ұшыратындығын білді. «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ (РҒБО) Қазақстанның алғашқы ғарыш аппаратын – «KazSat» геостационарлық байланыс және хабар тарату жерсерігін құру және ұшыру жобасында бос лауазымдарға конкурс жариялады. Ол кезде Қазақстанда ғарыш аппараттарын басқару және бақылау бойынша мамандар іс жүзінде болмады, жерүсті инфрақұрылымы болмады. Жоғары оқу орындарында оқытудың бейіндік бағдарламалары болмады. Осыған байланысты, «KazSat» жобасы аясында РҒБО «KazSat» ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесін пайдалану бойынша оқытуға және одан әрі жұмысқа мамандарды қабылдауды жариялады. Байқауға инженерлер мен күні кешегі студенттерден тұратын 15000-нан астам адам қатысты. РҒБО бірінші басшысы Виктор Дмитриевич Лефтер конкурстың әрбір қатысушысымен жеке әңгімелесу өткізгені есімде, нәтижесінде Қазақстанның ғарыштық байланыс жүйесін пайдалануға кіріскен 34 маман ғана іріктелді. Олардың арасында мен де болдым. 2005 жылдың қыркүйегінде Ақкөл қаласындағы ғарыштық байланыс орталығына («Ақкөл» ҒБО) жұмысқа кірістім.

Яғни, іс жүзінде «Kazsat» ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесін құрған және жерүсті кешенін салғаннан бастап РҒБО-да жұмыс істеп жатырсыз ба? Сол кездегі ең қиын нәрсе не болды?

- Алғашқы күннен бастап РҒБО өкілі ретінде мен «KazSat» ғарыш аппаратын басқару және бақылау жүйелерінің монтаждау жұмыстарына қатыстым. Жұмыс өте қызықты және сонымен бірге қиын болды. «KazSat» ғарыш аппаратын жасаушы «Хруничев атындағы МҒҒОӨ» ресейлік компаниясы персоналды оқытуды ұйымдастырды, оның нәтижелері бойынша «Ақкөл» ҒБО мамандары «KazSat» ғарыштық байланыс жүйесімен өз бетінше жұмыс істеуге рұқсат алды.

Ол кезде Қазақстанда мұндай деңгейдегі жабдық болған жоқ, монтаждау мен пайдаланудың дәлдігіне қойылатын талаптар өте қатаң болды. Жабдықтар мен бағдарламалық жасақтама кешендерінің көп бөлігі бір данада жасалды және өз уақытына ғана тән сипаттамаларға ие болды. Мұның бәрі кәсіби құзыреттілік пен жұмыс сапасына өте қатаң талаптар қойды.

Жер үсті жабдықтарын да, жер үсті жабдықтары мен ғарыш аппараттарының жиынтығын да бірқатар сынақтар жүргізу кезінде күрделі жұмыс болды. Осы жұмыстарды жүргізу кезінде мен жабдықты орнатуға тікелей қатыстым, автономды, кешенді және соңғы сынақтарын өткізу бойынша жұмыс топтарына кірдім.

Сізді еліміздің үздік маманы ретінде тану Қазақстанның ғарыштық байланысын дамытуға қосқан жалпы үлеске негізделген сияқты?

- Иә, шамасы, солай. 24 жылдық еңбек өтілімнің 17 жылын «Ақкөл» ҒБО-да жұмыс істеймін және біздің Ұлттық ғарыштық байланыс жүйесін құрудың барлық кезеңдерінен өттім. Мен «KazSat-1» жобасында жабдықты монтаждау кезеңінде келген болсам, «KazSat-2» және «KazSat-3» жобаларында мен басынан бастап, жерүсті сегментіне техникалық тапсырма жасау, конструкторлық құжаттаманы талдау мен бекіту, жерүсті жабдықтарын монтаждау, бірқатар сынақтар және ғарыш аппаратын пайдалануға қабылдау кезінен бастап қатыстым.

Себебі, «KazSat-1» және «KazSat-2» ғарыш аппараттары бір өндіруші «Хруничев атындағы МҒҒОӨ» ФМБК, ал «KazSat-3» ғарыш аппараты басқа өндіруші - «М.Ф.Решетнев атындағы Ақпараттық спутниктік жүйелер» ресейлік компаниясымен өзге ғарыштық платформа негізінде жасалды. Нәтижесінде «KazSat-1» және «KazSat-2» жобаларында қолданылатын жер үсті жабдықтарын «KazSat-3» үшін қолдану мүмкін болмады және жеке басқару кешенін қайта құруға тура келді. РҒБО өкілі ретінде ғарыш аппараттарын басқару мен бақылаудың дайындалған жабдықтарын зауыттық сынау үшін әлемнің жетекші өндірушілерінің зауыттарына бардым. Сондай-ақ, жаңа жабдықты монтаждау үшін «Ақкөл» ҒБО инфрақұрылымын дайындау қажет болды. Осы жұмыстар аясында мен құрылыс жұмыстарын бақылауға қатысып, құрылыс жабдықтарын қабылдау бойынша мемлекеттік комиссияның мүшесі болдым.

Сіз Аппараттық-бағдарламалық және метрологиялық қамтамасыз ету орталығын басқарасыз. Орталықтың міндеттеріне не кіреді?

Ғарыш аппараттарын басқару жүйелеріне сапа мен сенімділік бойынша қатаң талаптар қойылады. Ғарыш аппараттарынан телеметрия үздіксіз келіп тұрады және жабдықтың жұмысында үзіліс жасауға болмайды, ғарыш аппаратына дейінгі қашықтықты өлшеу кезінде қателік 39 000 км қашықтықта 10 метрден аспауы керек, ал бұрыштық жағдайды өлшеу қателігі 1-ші бұрыштық минуттан аспауы керек. Барлық осы жердегі жабдықтар кез-келген уақытта, кез-келген ауа-райында қамтамасыз етілуі керек. Менің әріптестерім - кез-келген қолайсыз факторларды біріктіре отырып, ғарыш аппараттарын басқару құралдарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ете алатын жоғары білікті мамандар.

Мен басқаратын орталықтың құрамына екі бөлім, аппараттық және бағдарламалық қамтамасыз ету бөлімдері кіреді. Бөлім мамандары тәулік бойы кезекшілік жүргізеді, жабдықтың жұмыс қабілеттілігін тиісті сапа деңгейінде ұстап тұру үшін жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүргізеді.

Өлшеу құралдарын метрологиялық қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жеке жүргізіледі. «KazSat-3» жобасында біз посткеңестік кеңістікте алғаш рет ғарыш аппараттарының пайдалы жүктемесінің параметрлерін мониторингтеу жүйесін метрологиялық аттестаттаудан өткіздік.

2007 жылдан бастап «KazSat» жерсеріктік тобының басқару және бақылау құралдарына қызмет көрсету және жөндеу бойынша барлық жұмыстар біздің орталық мамандарының өз күштерімен жүзеге асырылды. Бір ғана фактіні келтіру жеткілікті – «KazSat» ғарыш аппараттарын пайдаланудың барлық уақытында менің орталығымның инженерлерінің арқасында ғарыш аппараттарын басқаруда бірде-бір үзіліс болған жоқ.

Дегенмен, Сіздің ғарыш саласына енгізген инновацияларыңыз қандай, не үшін «Қазақстанның 2022 жылғы үздік маманы» номинациясын алдыңыз деп ойлайсыз?

- «KazSat» ғарыштық байланыс жүйесін құруға қосқан үлесімнен басқа, мен бір бағдарламалық ортада жерүсті құралдарының бақылау функционалын, сондай-ақ ғарыш аппараттарын бақылау және басқару функционалын, сондай-ақ жерсеріктік байланыс станцияларын автоматтандырылған сынау жүйесін біріктіруге мүмкіндік беретін басқару және бақылау бағдарламалық құралдарын құру технологиясын ұсындым. Пилоттық жоба шеңберінде орталықта жерсеріктердің пайдалы жүктемесін орбиталық өлшеуді жүргізу станциясының моральдық және физикалық ескірген басқару және бақылау жабдықтарын ауыстыруға мүмкіндік беретін бағдарламалық құралдар әзірленді, ғарыш аппараттарының телеметриясын басқару және қабылдау технологиясы пысықталды және іс жүзінде расталды.

Қазақстанда ғарыштық байланысты одан әрі дамыту бойынша Сіздің пікіріңіз қандай?

- Бүгінгі таңда қолданыстағы «KazSat-2» және «KazSat-3» байланыс және хабар тарату геостационарлық ғарыш аппараттары Қазақстанның барлық аумағы мен шектес мемлекеттердің бір бөлігі бойынша байланысты қамтамасыз етеді. Бірнеше жыл бұрын ғарыштық байланыс мақсаттары үшін геостационарлық ғарыш аппараттарына толық балама болған жоқ. Бірақ бүгінгі таңда геостационарлық емес ғарыштық байланыс аппараттарының технологиялары қарқынды дамуда, бұл шағын өлшемді терминалдардың көмегімен Интернетке қол жеткізуді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Қарапайым смартфондардан Интернетке қол жетімділікті қамтамасыз ету үшін төмен орбиталық жерсеріктік топтамаларды құру мәселесі белсенді түрде пысықталуда. Бұл жерде геостационарлық ғарыш аппараттарының болашағы туралы мәселе туындайды. Әрине, жаңа технологиялар геостационарлық жерсеріктер арқылы көрсетілетін қызметтердің қандай да бір көлемін алып тастайды деп күтуге болады. Бірақ геостационарлық жерсеріктердің ақпараттық тәуелсіздік, қамту аймағы, климаттық факторларға төзімділік, құру құны, пайдалану мерзімі, әлемдегі жетекші өндірушілердің жаңа технологияларды қолдануы сияқты сипаттамаларының жиынтығы геостационарлық байланыс жерсеріктерінің ғарыштық байланыс нарығында көптеген жылдар бойы сұранысқа ие болатыны туралы айтуға мүмкіндік береді.

Максим, сұхбат үшін рахмет. Құттықтаймыз! Марапаттаудан кейінгі сезім қандай?

- Еліміздің, оның болашағының қатысты болуым, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыштық байланыс операторының жауапты міндетін лайықты орындайтын РҒБО ұжымы үшін мақтаныш болуым керемет сезім. Шынымды айтсам, мен мұндай жоғары марапат күткен жоқпын. Достарымның, әріптестерімнің, туыстарымның және жақындарымның қолдауы үшін алғыс айтамын. Менің «Қазақстан Республикасындағы 2022 жылдың үздік маманы» номинациясындағы жеңісім олардың да жеңісі деп санаймын.