Пресс-центр/
Жаңалық

Талғат Мұсабаевтың ашық ғарышы

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Лида Тастенова
Күн: 01.07.2022

НҰР-СҰЛТАН. ҚАЗАҚПАРАТ – Бүгін ашық ғарышқа шыққан алғашқы және жалғыз қазақ ғарышкер-ұшқыш Талғат Мұсабаевтың ғарышқа алғашқы ұшқанына 28 жыл толады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талғат Мұсабаев өзінің алғашқы ғарыштық ұшуын 1994 жылғы 1 шілдеде «Союз ТМ-19» ғарыш кемесінде командир Юрий Маленченко бастаған ЭО-16 негізгі экспедициясы экипажының бортинженері ретінде жасады. 126 күндік ұшудың негізгі бағдарламасынан басқа, экипажға алдыңғы экипаждың түйісуі кезінде зақымданған «Мир» орбиталық станциясын жөндеу үшін ашық ғарышқа шығу міндеті қойылды.

Ашық ғарышта эксперименттер жүргізу мен станцияны жөндеу – бұл екі түрлі нәрсе, ал екінші жағдайда тек оң нәтиже керек. Әскери адамдар ретінде инженер-ұшқыштар Юрий мен Талғат бұл бағдарламаны максимум бұйрық ретінде қабылдады.

«Менің ғарышқа алғашқы шығуым «Мир» станциясы Қазақстанның үстінен ұшып өткен сәтке дәл келді. Мен Люкты ашқан кезде, қорқыныш сезімім шаттыққа ауысты да, мен еріксіз: «О, менің Қазақстаным, Балқаш!» деп еріксіз айқайлап жібердім».

«Осы сәтте таулардың, көлдердің таныс сұлбасын және шексіз қазақ даласын көргенде, бұл кездейсоқтықты отандастарымыздың алғашқысы болып ашық ғарышқа қадам басқан ұлына Отанымыздың берген батасы деп қабылдадым», - деп Талғат Амангелдіұлы өз естеліктерімен бөліседі.

Ғарышқа дайындық пен алғашқы ұшу Қазақстан тәуелсіздігін енді алған сәтке дәл келді. Қазақ, ресей армиясының әскери қызметшісі, ол ғарышта қандай елдің атынан ұшатын болады? Ведомствоаралық комиссия отырысына дейін екі президент - Нұрсұлтан Назарбаев пен Борис Ельцин қазақстандықтар мен ресейліктерді қанағаттандырған шешімге келді. Талғат Мұсабаевтың «Мир» станциясына 16-шы экспедицияның бортинженері ресми мәртебесі былайша бекітілді: Қазақстан Республикасының азаматы, Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің әскери қызметшісі. Осылайша Мұсабаев Қазақстан Республикасының тұңғыш ғарышкері мәртебесін алып, ашық ғарышқа шыққан алғашқы қазақ болды.

Супер кәсіпқой, ұшқыш - ғарышкер Талғат Мұсабаевтың артында жалпы ұзақтығы бір күнтізбелік жылға жуық үш ғарыштық ұшу, ашық ғарышқа жеті рет шығу бар.

«Менің ғарышкер болу, ең бастысы, ғарышта алған білімімді өз елімнің игілігіне қолдану арманымды орындауға қол жеткізуде жолым болды», - дейді ҚР авиация генерал - лейтенанты, техника ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық Академиясының академигі, ҚР Парламентінің сенаторы Талғат Мұсабаев.

Бүгін ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің (ҰҒА) - ғарыш қызметі саласындағы дербес мемлекеттік басқару органының жұмыс істеген жылдары ең тиімді болғанын ешкім жоққа шығармайды. Талғат Мұсабаевтың жетекшілігімен ҚР ҰҒА жұмыс істеген жеті жыл ішінде Қазақстан экономиканың жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін секторы – ғарыш саласын дамытуда үлкен қадам жасады. Осы қысқа мерзім ішінде біздің еліміз өзінің ғарыштық қызметін дамытатын көптеген мемлекеттер үшін бірнеше онжылдыққа тең жолдан өтті. Қазіргі заманғы ғарыштық инфрақұрылым құрылды - толыққанды жерсеріктік байланыс және хабар тарату жүйелері, Жерді қашықтықтан зондтау, ғарыш аппараттарын жер үсті басқару кешендері, елордада Ұлттық ғарыш орталығының құрылысын бастады, кәсіби кадрлардың ортасы қалыптасты, ғарыш техникасы мен технологиясының отандық үлгілерін әзірлеуде серпіліс жасады, заманауи ғарыштық технологиялар мамандарын даярлаудың стратегиялық маңызды міндетін шешті.

«Ең бастысы - ғарыш саласындағы осы жетістіктерді сақтау және дамыту, бұл біздің елімізге заманауи технологияларға ие державалардың қатарына кіруге мүмкіндік берді», - деп есептейді аты аңызға айналған ғарышкер.

Бүгінде ол «Қазғарыштың» жас әріптестерімен тәжірибе мен білім бөлісуді жалғастыруда. Қазақстанның ғарыш саласын дамыту мәселесі күннен күнге өзекті болуда.

https://lenta.inform.kz/ru/otkrytyy-kosmos-talgata-musabaeva_a3950365