Пресс-центр/
Жаңалық

Қазақстан мен Түркия ғарыштық жерсеріктік жүйелер саласындағы ынтымақтастықты нығайту

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Алуа А. Сарбалина
Күн: 10.09.2022

АНКАРА. ҚАЗАҚПАРАТ – Turkish Aerospace компаниясының шақыруымен Қазғарыш кәсіпорындарының өкілдері компанияның құрастыру-сынау кешені мен ғарыштық техниканың конструкторлық бюросын аралап, өндірістік қуатымен танысты, деп хабарлайды «Қазақпарат» ХАА тілшісі.

Өздеріңіз білетіндей, Turkish Aerospace компаниясы TurkSat-6A ауыр класты ғарыш аппаратын дербес жобалап, құрастырған. Құрастыру-сынау кешенін аралау барысында қазақстандық делегация ғарыш аппаратының өзін және оның инженерлік үлгілерін көріп, конструкторлық бюроның жұмысын тамашалауға мүмкіндік алды.

Бүгінгі таңда Turkish Aerospace және оның еншілес компаниясы GSatCom-ның телекоммуникациялық жерсеріктерін құрудың негізгі платформасы SmallGeo платформасы екенін ескере отырып, «KazSat-3R» ғарыштық байланыс жүйесін құру үшін бұл өнімді пайдалану мүмкіндігін қарастыруға болады, - деп «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ (РҒБО) Басқарма төрағасының орынбасары Василий Леонов ұзақ мерзімді жоспарларымен бөлісті.

Кездесу барысында түрік және қазақстандық мамандар Орталық Азия елдері мен Түркі Мемлекеттері Ұйымының мүддесі үшін бірлескен байланыс жерсерігін құру жобасының жоспарын талқылады.

Turkish Aerospace компаниясы осындай бірлескен жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін қолдауға, технологиялық платформа ретінде әрекет етуге және ғарыш жүйесін құруға ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Республикасы үшін технологиялар трансфертіне, сондай-ақ қазақстандық аэроғарыш саласы мамандарының біліктілігін арттыруға қатысуға дайын екенін білдірді.

«Жерсеріктік жүйелерді, технологиялық мүмкіндіктерді құру тарихында біздің ортақ тұстарымыз көп, сондықтан түрік әріптестеріміздің ғарыштық технологияларды әзірлеу және өндіру тәжірибесі біз үшін өте маңызды. Біз ғарыштық жүйелерді бірлесіп дамыту және құру, технологиялар алмасу және ғарыштық жүйелер саласындағы мамандардың біліктілігін түркиялық және қазақстандық компаниялар негізінде арттыру бойынша ұзақ мерзімді стратегиялық ынтымақтастықты қолдаймыз», - деді АҚ (РҒБО) Басқарма төрағасы Мәлік Жүйріктаев.

Тараптар меморандум дайындауда, оған сәйкес екі тараптың өндірістік қуаттарын тікелей тарта отырып, тараптар Қазақстан Республикасының мүддесі үшін жерсеріктік байланыс жүйелерінің перспективалық жобаларын іске асыруда Turkish Aerospace техникалық шешімдерін пайдалану мүмкіндіктерін пысықтайды.

Құжатқа қыркүйек айының соңында Қазақстан астанасында өтетін «Digital Bridge -2022» цифрлық технологиялар, бизнес және IT халықаралық форумында қол қою жоспарлануда.