Пресс-центр/
Жаңалық

«РҒБО» АҚ Қазғарыш делегациясының құрамында Ташкенттегі конференцияға қатысады

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Лида Тастенова
Күн: 11.05.2022

«РҒБО» АҚ Қазғарыш делегациясының құрамында Ташкентте өтетін ғарыштық технологиялар жөніндегі конференцияға қатысады

ТАШКЕНТ. БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ - 2022 жылғы 10-12 мамыр аралығында Ташкентте Space Technology Conference (STC 2022) ғарыштық технологиялар жөніндегі Орталық Азия өңіріндегі алғашқы конференция өтуде. Оның жұмысына құрамына ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті (АҒК), Қазғарыш кәсіпорындарының басшылары, ғарыш саласының мамандары кіретін Қазақстан делегациясы қатысуда.

Ғарыштық технологиялар бойынша алғашқы өңірлік конференцияның салтанатты ашылуы «Өзбекғарыш» бас директорының м.а. Шукрат Қадыровтың және Өзбекстанның ақпараттық технологияларды дамыту министрі Шерзод Шерматовтың құттықтауынан басталды.

Орталық Еуразияның әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақты қозғалтқышы ретінде ғарыштық технологиялар тақырыбына арналған конференцияның бірінші күні ҚР-дағы ғарыш қызметі туралы ақпаратпен ҚР ЦДИАӨМ АҒК төрағасы Баубек Оралмағамбетов сөз сөйледі.

Қазғарыш төрағасы атап өткендей, қазақстандық делегацияның негізгі баяндамалары «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ (ҚҒС), «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ (РҒБО) басшылары ұсынатын заманауи жерсеріктік технологияларға арналады. «Бұл тұрғыда бізде жақсы жұмыс тәжірибесі бар және қазіргі заманғы ғарыштық технологиялардың экономикалық әсері мен даму перспективалары туралы пікір алмасуға мүмкіндік бар», - деп атап өтті Б.Оралмағамбетов.

Сол күні, 2022 жылғы 10 мамырда конференцияда «ҚҒС» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Айдын Айымбетов сөз сөйлеп, Жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) қазақстандық ғарыш жүйесі жұмысының нәтижелері туралы әңгімеледі.

STC-2022 ғарыштық технологиялар бойынша конференция жұмысының екінші күні «РҒБО» АҚ Басқарма төрағасы Мәлік Жүйріктаев Қазақстанның «Kazsat» байланыс және хабар тарату қазақстандық жерсеріктік жүйесімен таныстыруды ұсынды.

Қазақстанның екі ғарыштық жерсеріктік жүйесі (ҒБЖ) бар екені белгілі. ҚР ЖҚЗ ҒБЖ құрамында ЖҚЗ екі жерсерігінен және ғарыштық түсірілімдерді басқару және өңдеу кешенінен, «Kazsat» ҒЖС екі байланыс жерсерігінен және екі жерүсті басқару кешенінен тұрады.