Пресс-центр/
Жаңалық

«Мен «Жас Ұлан» мектебінде тәрбиелендім» - Қазақстан Қарулы күштерінің құрдасы

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Алуа А. Сарбалина
Күн: 09.05.2022

НҰР-СҰЛТАН. ҚАЗАҚПАРАТ - Бейбіт уақытта Отан қорғаушы болу - еңбек жеңістеріне жету, өз отбасының қорғаушысы болу, өз Отанының тарихын білу және бағалау, - деп Қазақстан Қарулы күштерінің офицері Рамазан Омарбеков «ҚазАқпарат» ХАА тілшісімен осы мерекелер туралы пікірімен бөлісті.

Рамазан отыз жаста және ол ҚР ҚК құрдас, ал әскери қызмет өтілі 20 жылды құрайды. «2002 жылы Суворов әскери училищесінің қазақстандық аналогы – Астана қаласындағы генерал Нұрмағамбетов атындағы республикалық «Жас ұлан» мектебіне оқуға түстім, онда 5-11-сыныптар аралығында 7 жыл білім алдым. Мен әкесіз өстім, анам мүгедек, мен әжем – анамның анасының қолында өстім. Менің жақсы, білімді адам болып өскенімді қалап, мені осы әскери мектепке берді. Әрине, түсу оңай болған жоқ, бірақ аудандық, облыстық, республикалық комиссиялардан өттім, емтихандардан өттім. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген бес жүз ұлдың 60-ы іріктеліп алынды. Ал менің әскери өмірім басталды: таңғы тұру, жаттығу, саптық даярлық, казармалық жағдай. Жылына екі рет демалыста үйге баратынбыз, ал басқа уақытта үнемі мектепте. Жексенбілерде демалысқа шығып қалаға баратынбыз. Сол кезде айталатын: «Сіз ұландар екеніңізді және әрқашан өз мундиріңізді абыроймен киюіңіз керек екенін есте сақтаңыз» деген аманат мен үшін өмірдің басты ережесі болды», - деп еске алады капитан Омарбаев.

Рамазан «Жас ұлан» мектебін бітіргеннен кейін Санкт-Петербург қаласындағы А.Ф.Можайский атындағы Әскери-ғарыш академиясына оқуға түседі. Әскери академияда бес жыл курсанттық білім алған ол Астанаға оралып, еліміздің Қорғаныс министрлігі құрамына келді. 2015 жылы Республикалық ғарыштық байланыс орталығына іссапармен жіберілді. Міне жетінші жыл «Kazsat» қазақстандық байланыс және хабар тарату жерсеріктерін басқару және пайдалануды жүзеге асыратын «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығында жұмыс істеп келеді.

«Содан бері мен ғарышпен байланыстамын. Қазіргі уақытта мен Ұшуларды басқару орталығында (ҰБО) жұмыс істеймін. Менің жұмысым – ғарыш аппараттарының ұшуын бақылау, жерсеріктердің техникалық жүйелерінің жұмысын бақылау, пайда болған ақауларды жою. Мен инженер ретінде ғана емес, ең алдымен офицер ретінде бүкіл елімізді байланыс қызметтерімен, ақпараттық қауіпсіздікті, демек мемлекеттің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ететін біздің ұлттық ғарыштық байланыс жүйесінің (ҒБЖ) жұмысы үшін үлкен жауапкершілікті сезінемін. Бүгінде Қазақстанның өз «Kazsat» ҒБЖ бар, мен оның одан әрі дамуын қалаймын – түптеп келгенде, бұл ел егемендігінің бір шарты», – дейді Р.Омарбеков.

Капитан Омарбековтың айтуынша, «Жас ұлан» мектебі оны бала кезінен Отан қорғаушы болуға үйреткен, енді ол Отанға адал қызмет ету арқылы Отан алдындағы борышын өтей алады: адал және жақсы еңбек ету, отбасының қорғаушысы болу, өз Отанының тарихын білу және бағалау, балаларына осыны үйрету.

Екі апта бұрын Омарбековтер отбасында үшінші қыз дүниеге келген. «Әрине, мен де Отанға қызмет етудегі тәжірибем мен білімімді жеткізе алатын ұлды армандаймын. Өйткені, отбасы бақытының мәні ұрпақтар сабақтастығында. Ал біз, ерлер – Отанымызды да, туған-туыстарымызды да қорғаушылар, олардың амандығы үшін сақ болуымыз керек. Ұлы Жеңіс күні бізге бейбіт өмір сыйлаған жауынгерлер – жеңіскерлер алдында бас иемін», – дейді Рамазан.

Әңгіме соңында капитан Омарбеков аз қамтылған отбасы балаларына қолдау көрсетіп, өмірге жолдама беретін республикалық «Жас ұлан» мектебінің тәрбиешілеріне, өмір жолында кездесіп, жақсы офицер және маман болып қалыптасуына ықпал еткен барша жандарға алғысын білдірді.