Пресс-центр/
Жаңалық

Цифрлық теңсіздікті жою: шалғай ауылдардың тұрғындары интернетке қол жеткізеді

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Алуа Сарбалина
Күн: 07.11.2023

АСТАНА. ЖЕКЕ АҚПАРАТ - ҚР ЦДИАӨМ және «РҒБО» АҚ баспасөз қызметтерінің түсіру тобы Ақмола облысы Аршалы ауданында екі шалғай ауылында болып, осы ауылдық елді мекендердің (АЕМ) байланыс қызметтерімен және Интернетке кең жолақты қолжетімділікпен (КЖҚ) қалай қамтамасыз етілгенімен танысты.

Еске салайық, Мемлекет басшысы қала мен ауыл арасындағы «цифрлық алшақтықты» жерсеріктік технологиялар арқылы жою міндетін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қойған болатын.

Цифрлық даму министрлігінің нұсқауы бойынша еліміздің ғарыштық байланыс жүйесінің ұлттық операторы «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ «KazSat» ғарыштық байланыс жүйесінің ресурстарында геостационарлық жерсеріктік көлік желісін пайдалана отырып, жету қиын, халқы аз ауылдық елді мекендерді КЖҚ қосу жұмыстарын бастады.

Бұл жұмыс 19 шілдеде басталып, 2023 жылдың 30 қыркүйегінде аяқталды, «РҒБО» АҚ байланыс операторы «Kazopticlink» ЖШС-мен бірлесе отырып, Wi-Fi HotSpot технологиясын (қоғамдық Интернетке қолжетімділік нүктесі) пайдалана отырып, Қазақстан бойынша 176 ауылдық елді мекенді қосты. Бүгінгі күні қамту 20 мың адамға жетті.

Красное озеро ауылында 27 үй бар, 120 адам тұрады. Ауылдағы жалғыз қоғамдық орын – фельдшерлік пунктте Түрген ауылдық округінің әкімі Азамат Шырғанбаевтың қатысуымен тұрғындармен кездесу өтті.

«РҒБО» АҚ өкілі Абзал Әлиев шалғай ауыл тұрғындарының «KazSat» жерсеріктері арқылы e-gov жүйесіне қалай қол жеткізе алатынын айтып, жылдамдық сигналын тексеруден өткізіп, ауыл тұрғынына телефон арқылы цифрлық құжатты қалай алу керектігін көрсетті.

«Интернетке қолжетімділік «KazSat-3» ғарыш аппаратының жерсеріктік байланыс арналары арқылы көліктік байланыс негізінде ұйымдастырылған, әрбір ауылда жерсеріктік абоненттік терминалға кіру аймағы бар», - деді ол.

«Қызыл көл» ауылының тұрғындары РҒБО өкілінен интернеттің жақсы жұмыс істеуі үшін сигнал қабылдау бекетін ауылдың орталығына көшіруді сұрады. Белгілі болғандай, фельдшерлік пункт жанына «табақ» орнату шешімін ауылдық округ басшылығы бұған дейін қабылдаған.

Кездесу соңында Красноозерск тұрғындары Интернет қызметтерін пайдалану мүмкіндігі үшін ҚР ЦДИАӨМ және РҒБО өкілдеріне алғыстарын білдірді.

Ауыл тұрғыны Фармаиыл Байрам оглы Гусейнов қазір ауыл тұрғындары осы табаққа келіп, бүкіл әлеммен сөйлесе алатынын айтты. «Қазақстан – бейбіт өмір сүріп, еңбек ете алатын жақсы ел», - деді ақсақал.

Келесі нүкте – Родники ауылы, онда 17 үй мен 37 тұрғын ғана қалды. Үйінің жанына сигнал қабылдау бекеті орнатылған тұрғын Андрей Шевченко да өз пікірімен бөлісті. «Бұған дейін ауыл тұрғындары қоңырау шалу үшін төбеге жүгіретін, ал қазір олар фильм көріп, банк қызметін пайдалана алады», - дейді ол.

Андрейді ауылдастарының интернетке қосылу үшін үйінің қасында жиі болатыны мазаламайтынын айтады. Өйткені, сигнал 100 метр радиуста жұмыс істейді. «Кейбіреулер бұл біздің ауылға мемлекет тарапынан тегін қызмет екеніне сенбеді, табақты өзім сатып алдым деп ойлады», - деп күледі Андрей.

Иә, бұл қызмет 176 ауылдың тұрғындарына тегін көрсетіледі. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин атап өткендей, қазір жету қиын ауылдардың тұрғындары қажетті мемлекеттік цифрлық қызметтерге, электронды банкингке және бүгінгі таңда ең сұранысқа ие басқа да қызметтерге қол жеткізе алады.

ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2024 жылы заманауи жерсеріктік технологияларды пайдалана отырып, интернетпен қамтылмаған ауылдық елді мекендерді қосу жалғасады. Еліміздің жету қиын аудандарында орналасқан тағы 328 ауылдық елді мекенді қосу жоспарлануда және 2024 жылы жалғасады.