Пресс-центр/
Жаңалық

Цифрландыру күніне арналған марапаттар

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Алуа Сарбалина
Күн: 11.11.2025

10 қарашада Қазақстанда цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні атап өтіледі. Бұл мереке 2017 жылы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бастамасымен осы сала қызметкерлерін қолдау үшін пайда болды.

Цифрландыру күніне орай «РҒБО» АҚ мамандары Премьер-Министрдің орынбасары, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиевтен марапаттар алды.

Жаңа ведомстволық марапат – «Үздік цифрландырушы» төсбелгісі «РҒБО» АҚ Ақпараттық технологиялар басқармасының инженер-бағдарламашысы Марина Федоренкоға табысталды. Марина Александровна кәсіпорында 2007 жылдан бастап жұмыс істейді, ұжымға Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық университетін инженер-жүйелік техник мамандығы бойынша бітіргеннен кейін келді.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің (ЖИЦДМ) Құрмет грамотасымен «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығы Аппараттық– бағдарламалық және метрологиялық қамтамасыз ету орталығының Бағдарламалық жасақтама бөлімінің жетекші инженері Әлихан Аханов марапатталды.

ЖИЦДМ алғыс хаттары «Көктерек» ғарыштық байланыс орталығы Өндірістік-технологиялық қамтамасыз ету қызметінің жетекші инженері Александр Сергеевке, сондай-ақ Ақпараттық технологиялар басқармасының инженер - электромеханигі Игорь Ищенкоға табысталды.

«Бүгінгі таңда Қазақстанның алдында цифрлық өңірлік хаб болу міндеті тұр, бұл отандық IT-сектор мамандарынан жоғары кәсібилікті, креативті тәсіл мен жауапкершілікті талап етеді», - деп атап өтті өзінің құттықтау сөзінде «РҒБО» АҚ Басқарма төрағасы Мәлік Жүйріктаев.