Пресс-центр/
Жаңалық

ЦДИАӨМ және Amazon Kuiper меморандумға қол қойды

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Алуа Сарбалина
Күн: 06.09.2024

АСТАНА. РҒБО БАСПАСӨЗ-ҚЫЗМЕТІ. «РҒБО» АҚ басшылығы мен мамандары 2024 жылғы 3-5 қыркүйек аралығында Астанада өткен Цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясының жұмысына қатысты. Басқарма төрағасы Мәлік Жүйріктаев, оның орынбасарлары Василий Леонов, Ержан Тасмухан жұмыс кездесулерін, серіктестермен келіссөздер жүргізіп, конференцияның панельдік сессияларында сөз сөйледі. Жоспарлау, сату және халықаралық ынтымақтастық департаментінің қызметкерлері, сондай-ақ компанияның тәуекел-менеджері шетелдік делегацияларды, соның ішінде Халықаралық электр байланыс одағының өкілдерін алып жүрді, олардың жұмысына көмектесті.

Маңызды қорытынды сәттердің қатарында ғарыштық технологиялар саласындағы құжатқа қол қою да бар.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен АҚШ-тың ең ірі Amazon-Amazon Kuiper компаниясының өкілі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Министр Жаслан Мәдиев пен Джефф Киетцман қол қойған құжат бүкіл Қазақстан бойынша төмен жер орбитасында Amazon Kuiper жерсеріктік байланыс қызметтерін орналастыру бойынша бірлескен ынтымақтастыққа бағытталған.

Спикерлер атап өткендей, бұл меморандум өткізу қабілеті жоғары және кідірісі төмен жерсеріктік байланыстың арқасында елдің кез келген жерінде жоғары жылдамдықты Интернетке қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін негіз жасайды.

- Меморандумға қол қою Қазақстанның жерсеріктік байланыс индустриясын дамыту жолындағы маңызды қадам болып табылады. Amazon Kuiper-мен ынтымақтастық бізге заманауи жерсеріктік технологияларды енгізуге мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде экономиканы цифрландыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді, - деп атап өтті ҚР цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Министрдің пікірінше, жерсеріктік Интернет қызметтері бәсекеге қабілетті болуы керек, бұл азаматтарға қолайлы бағамен сапалы қызмет алуға мүмкіндік береді. Өздеріңіз білетіндей, бүгінде Қазақстанда Starlink жерсеріктік байланыс қызметін Space X компаниясы пилоттық режимде ұсынады.

Amazon Kuiper өкілі Джефф Киетцман бірлескен ынтымақтастық қазіргі заманғы міндеттерді шешу үшін төмен жер орбитасында жерсеріктік байланысты пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтетініне және Қазақстандағы клиенттерге пайда әкелетініне сенім білдірді.

Жерсеріктік байланысты дамыту туралы әңгіме «Ғарыштық технологиялар цифрландырудың ажырамас бөлігі» панельдік сессиясында жерсеріктік байланыс нарығындағы әлемдік мен жаңадан келген операторлардың қатысуымен жалғасын тапты.



Қазақстан екі ғарыштық жүйеге ие екені белгілі. Олар «Kazsat» байланыс жерсеріктері мен KazEOSat Жерді қашықтықтан зондтау жерсеріктері.

«Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Василий Леонов өз сөзінде РҒБО-ның шалғайдағы ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету бойынша жұмысы туралы, сондай-ақ мектептерді жылдам Интернетке қосу жөніндегі компанияның пилоттық жобасын іске асыру барысы, оның қала мен ауыл арасындағы байланыс қызметтерін алудағы әлеуметтік теңсіздікті қысқартуға мүмкіндік бергені туралы айтып берді.

«Телекоммуникация және цифрландыру - бұл біртұтас, олар бөлек өмір сүре алмайды», - деді ол.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Қайыржан Қожаев әріптестерімен Қазақстандағы ғарыштық мониторинг тәжірибесімен бөлісті. Қолда бар ЖҚЗ деректері негізінде біздің елімізде ауыл шаруашылығы, су ресурстары, жер қойнауын пайдалану және экология бойынша цифрлық платформалар құрылды.

Қатысушылардың пікірінше, ғарыштық технологиялардың әлеуеті цифрландырумен үйлеседі, атап айтқанда цифрлық платформаларды күнделікті өмірде қолдану - ұлттық экономиканы дамытуда жылдам серпіліс жасауға және жалпы қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға көмектеседі.