Пресс-центр/
Жаңалық

Ғарышпен байланыста: РҒБО инженерлері бірегей матрицаны әзірлеу туралы

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Алуа Сарбалина
Күн: 27.11.2024

АСТАНА. ҚАЗАҚПАРАТ – «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ инженерлерінің ғылыми әзірлемесін ел ғалымдары мойындады. Бұл туралы жыл сайын ҚР Ұлттық Инженерлік академиясы (ҰИА) өткізетін «2024 жылдың үздік инженері» республикалық байқауының қорытындысы бойынша белгілі болды.

Максим Куцев «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығының (ҒБО) Аппараттық-бағдарламалық және метрологиялық қамтамасыз ету орталығының басшысы болып табылады. РҒБО-ға 2006 жылы кәсіпорын құрылған алғашқы жылдарда келіп, барлық KazSat жерсеріктік топтамасын құру, қабылдау және сынау жөніндегі жұмыс топтарының қатысушысы, Kazsat-3 ғарыштық байланыс жүйесінің техникалық-экономикалық негіздемесі мен техникалық ерекшелігінің авторларының бірі болды.

Осы ғылыми әзірлемені практикалық іске асырумен жеті жылдан астам ғарыштық байланыс кәсіпорнында жұмыс істеп келе жатқан сол орталықтың инженері Дмитрий Дубаневич айналысты.

«2024 жылдың үздік инженері» байқауының жеңімпазы Максим Куцевтен инновацияның мәні туралы айтып беруді сұрадық.

- «Жабық архитектурасы және меншікті жүйе құраушы элементтері бар жүйелерді жөндеу және жаңғырту шығындарын азайтуға мүмкіндік беретін ақпараттық-коммуникациялық хаттамалар синтаксисін түрлендіру технологиясы» тұжырымдамасы қарапайым адам, оқырман үшін толық түсініксіз екенін түсінемін. Түсіндіруге тырысайын. Әріптесім, инженер Дмитрий Дубаневич екеуміз Kazsat қазақстандық байланыс жерсеріктерін тәулік бойы пайдалануды жүргізетін біздің «Ақкөл» ҒБО байланыс мониторингінің штаттық жұмысын қамтамасыз ету үшін жаңа технологияны қолдандық.

Оның айтуынша, құрылған жаңа матрицаның бірегейлігі – ол кез-келген жабдықтың үшінші тарап өндірушісімен ақпараттық өзара әрекеттесуді (біздің жағдайда байланыс мониторингі жүйесі) қамтамасыз ете алады.

— Бұл біздің өнертабысымыздың экономикалық әсері болып табылады. Егер бұрын, құдай сақтасын, байланыс мониторингі жүйесі матрицаларының бірі (оны біздің шетелдік серіктесіміз жекеше түрде жасаған) істен шықса, онда біздің ғарыштық байланыс орталығына күтпеген қиындықтардан өтуі керек еді. Біз бұл жағдайды қалай жеңуге болатынын өз бастамамызбен ойлана бастадық. Ғылыми және инженерлік ойдың және ең бастысы, байланыс мониторингі жүйесіне жаңа технологияны іс жүзінде енгізудің арқасында бізде бәрі ойдағыдай болды, - деп атап өтті М.Куцев.

Дмитрий Дубаневич осы бірегей платаны өз қолымен жинады.

- Мұндай инновацияларды, инженерлердің ұтымды ұсыныстарын компания басшылығы қолдап, ынталандыруы өте маңызды. Нәтижесінде біздің ғарыштық байланыс жүйесі сәтті жұмыс істеуде, - деп атап өтті ол.

«РҒБО» АҚ Максим Куцев жасаған байланыс мониторингі жүйесін модернизациялаудың ғылыми әзірлемесі және инженер Дмитрий Дубаневичтің осы технологияны практикалық қолдануы қазірдің өзінде айтарлықтай экономикалық әсер еткенін және Байланыс мониторингі орталығының сапалы және үздіксіз жұмысына кепілдік беретінін атап өтті. Бұл ғылыми әзірлеме тек ғарыш жүйесі үшін ғана емес, байланыстың басқа салалары үшін де қолданылады.

«РҒБО» АҚ мамандарының пікірінше, инженерлік-техникалық құрамның «Kazsat» ғарыштық жүйесінің жұмысын жаңғырту және жетілдіру бойынша ғылыми және техникалық әзірлемелер үшін үлкен мүмкіндіктері бар. Нақты нәтиже – Kazsat-2 жерсерігінің қызмет ету мерзімі ғарыштық байланыс инженерлерінің жоғары кәсібилігінің арқасында екі жылға ұзартылуы болып табылады.

- Біз өз идеяларымызды ұсынудан қорықпауымыз керек, оларды іс жүзінде жүзеге асыруға тырысуымыз керек, кәсіби мамандарды тыңдап, олардың бағаларын алуымыз керек, уақытты жаңа әзірлемелермен салыстыруымыз керек. Бұл тек өзін-өзі растау үшін ғана емес, сонымен қатар кәсіпорын экономикасына және еліміздің инженерлік корпусының дамуына нақты үлес ретінде қажет, - деді өнертабысқа 7 патенттің иегері М.Куцев.

РҒБО басшылығы мен ұжымы әріптестерін лайықты марапатымен құттықтады. Ал Қазғарыш ардагері, Ұлттық ғылым академиясының академигі және ҚР ҰИА академигі Мейірбек Молдабеков «бұл жоғары марапат Қазғарыштың табысты кәсіпорындарының бірі – РҒБО мамандарының жоғары кәсіби деңгейі мен ғылыми шығармашылық әлеуетін растайды» деп атап өтті.