Пресс-центр/
Жаңалық

Ақмола мектебіне Starlink интернет желісі өткізілді

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Алуа Сарбалина
Күн: 05.04.2024

АСТАНА. ҚАЗАҚПАРАТ - Ақмола облысы Аршалы ауданының № 1 Бұлақсай ауылдық мектебінде Интернетке кең жолақты қол жетімділік үшін Starlink жерсеріктік технологиясы енгізілді.

«Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ (РҒБО) мамандары ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыштық даму министрлігінің (ЦДИАӨМ) түсірілім тобымен бірлесіп, Интернеттің сапасы мен жылдамдығын жергілікті жерде тексеру үшін оқу орнына барды.

«Интернет өте жылдам, жақсы жылдамдық. Қамту аймағы үлкен, бастапқыда бізге бір ғана сынып болатынын айтты, іс жүзінде вай-фай барлық кабинеттерді қамтыды», - деді Бұлақсай орта мектебінің тәрбие жөніндегі меңгерушісі Татьяна Весна.

«Енді мұғалімдер мен оқушылар «Күнделік» жүйесінде, Bilim land білім беру платформасында, «Ұлттық білім беру деректер базасы» интернет-ресурсында (ҰБДБ) және басқа да көптеген онлайн платформаларда бір уақытта жұмыс істей алады. Бұл білім беру сапасын жақсартып қана қоймай, ауылдық және қалалық мектептер арасындағы алшақтықты қысқартады», - деп атап өтті ҚР ЦДИАӨМ.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Цифрлық даму министрлігі «РҒБО» АҚ Ұлттық ғарыштық байланыс операторымен бірлесіп Starlink жерсеріктік интернеті арқылы елдің орта білім берудің ақпараттық-коммуникациялық жүйелеріне кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі пилоттық жобаны іске асыратыны белгілі.

2024 жылдан бастап SpaceX технологияларының көмегімен Starlink компаниясымен алдын ала уағдаластық бойынша Қазақстанның 2000 мектебі мен Ақмола облысының ауылдық жерлеріндегі 270 мектепті қосу жоспарлануда.