Пресс-центр/
Жаңалық

«РҒБО» АҚ БҰҰ Комитетінің сессиясына қатысты

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Алуа Сарбалина
Күн: 14.02.2025

АСТАНА. МЕНШІКТІ АҚПАРАТ – «РҒБО» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Василий Леонов Қазғарыш делегациясы құрамында БҰҰ Ғарыш кеңістігін бейбіт пайдалану комитетінің (КОПУОС) ғылыми-техникалық мәселелер жөніндегі кіші комитетінің 62-ші сессиясының жұмысына қатысты.

КОПУОС отырысы Венада (Австрия) 2025 жылдың 3-14 ақпаны аралығында өтті.

Кіші комитеттің күн тәртібінің 14-тармағына сәйкес сессияда геостационарлық орбитаның физикалық табиғаты мен техникалық сипаттамаларын зерттеу мәселелері және оны пайдалану мен қолдану, атап айтқанда ғарыштық байланыс мақсаттары үшін пайдалану мен қолдану мәселелері қаралды.

Өз баяндамасында «РҒБО» АҚ өкілі «Халықаралық электрбайланыс одағы мен әлемдік қоғамдастық тарапынан өткізу қабілеттілігі бойынша, қазір қолданыстағы және перспективадағы радиожиілік диапазонындағы (Ka, Q/V) нарықтың қазіргі заманғы талаптарына жауап беретін жоғары энергетикалық сипаттамалары бар жерсеріктік байланыс желілерін құру және пайдалану үшін Қазақстан сияқты мемлекеттерге, ең болмағанда ұлттық аумақта өздерінің ғарыштық байланыс жүйелерін құру және пайдалану үшін жәрдемдесу және қолдау өте маңызды» екенін атап өтті.

«Басқа дамушы елдер сияқты Қазақстан үшін геостационарлық орбитаны әділ қолдану мәселелерінде маңызды аспектілердің бірі орбиталық-жиілік ресурсын «резервтеу» мүмкіндігін қамтамасыз ету болып табылады, мысалы, орбиталық-жиілік ресурсының жоғары сұранысы мен тапшылығы жағдайында жерсеріктік байланысты дамыту мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін радиожиіліктердің перспективалық диапазондарында (Ka, Q/V және т.б.) жоспарлы ұлттық бөліністерді әзірлеу арқылы», - деп атап өтті В. Леонов.

Анықтама: БҰҰ Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану комитетінің (КОПУОС) ғылыми-техникалық кіші комитеті (Scientific and Technical Subcommittee, STSC) ғарыш кеңістігін пайдаланудың ғылыми және техникалық аспектілерін қарастырады. Оның негізгі мақсаты – ғарышты зерттеу және пайдалану контекстінде халықаралық ынтымақтастықты дамыту, ғарыш қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және адамзаттың мүдделерін қорғау.