Қазақстан қыздарының алғашқы эксперименттік экипажы ғарышқа ұшуға дайындалуда

АСТАНА. ҚАЗАҚПАРАТ - Қазақстан болашақ ғарыштық миссиялар үшін технологияларды пысықтауда. 2025 жылғы 1 қазанда Астанадағы Ұлттық ғарыш орталығында «SANA-1» бірегей зерттеу жобасы іске қосылды, ол ғарышқа ұшуға барынша ұқсас жағдайларда экипажды ұзақ уақыт оқшаулау бойынша Қазақстандағы алғашқы эксперимент болды.
Жобаның ерекшелігі Аэроғарыш комитетінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының төрт қызметкерінен тұратын әйелдер экипажының қатысуы болды.
Экипаж құрамында:
Юлия Бакирова — экипаж командирі, «Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы» АҚ реактивті қозғалыс зертханасының аға ғылыми қызметкері;
Асем Қуандық — «Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы» АҚ жылу оқшаулағыш материалдар зертханасының ғылыми қызметкері;
Дарья Комарова — «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ ғарыш аппараттарының ұшуын қамтамасыз ету және техникалық жай-күйін бақылау бөлімінің жетекші инженері;
Линара Жадигерова — «Ионосфера институты» ЖШС ғарыштық және геофизикалық зерттеулер зертханасының инженері.
10 тәулік бойы зерттеушілер ғарышкер, Қазақстанның Халық Қаһарманы Айдын Аймбетовтың бастамасымен Eurasian Ventures Group компаниясы әзірлеген ғарыш кемесінің арнайы жасалған жерүсті модулінде-имитаторында болады.
Миссия барысында экипаж ғарыштық экспедициялардың нақты сценарийлерін, сондай-ақ әртүрлі білім беру эксперименттерін модельдейтін бірқатар медициналық, когнитивті және командалық зерттеулер жүргізеді.
Ғылыми бағдарламаның жетекшісі – профессордың көмекшісі, Қазақстан-Британ техникалық университетінің AI Lab басшысы, психология саласындағы PhD докторы Алина Гуторева.
Бұл эксперименттің Қазақстан үшін маңызы туралы айта келе, ЖИЦДМ АҒК төрағасының орынбасары Алан Қазкенов:
- «SANA-1» жобасы ел үшін ерекше маңызға ие. Алғаш рет адам басқаратын ғарышкерліктің психологиялық, медициналық және инженерлік аспектілерін қамтитын кешенді зерттеу жүргізілуде. Эксперимент ұлттық ғылыми базаны қалыптастыру және болашақ ғарыштық миссияларға мамандарды даярлау үшін негіз қалайды, - деп атап өтті.
Жобаның мақсаты Қазақстанның ғарыштық зерттеулердегі құзыреттерін дамыту ғана емес, сонымен қатар жастар арасында STEM-бағыттарды танымал ету, сондай-ақ әйелдердің ғарыш ғылымына қатысуын кеңейту болып табылады. «SANA-1» әйелдер экипажы гендерлік теңдікке жаңа қадамды бейнелейді және Қазақстанның болашақ ғарыш экспедициялары үшін өз зерттеушілер тобын құруға дайын екенін көрсетеді.
Салтанатты рәсімге қатысушылар қыздарға олардың әрқайсысы үшін ғарышқа сапарының бастауы болып табылуы мүмкін осы эксперименттің сәтті өтуін тіледі.
«РҒБО» АҚ ұжымы әріптесі Дарья Комароваға сәттілік тілейді!
