«РҒБО» АҚ-да қызметкерлерді кезекті аттестаттау аяқталды
АСТАНА. 2024 жылдың 28 қазаны мен 19 қарашасы аралығында «РҒБО» АҚ қызметкерлерін аттестаттау өтті.
Қағидаларға сәйкес «РҒБО» АҚ инженерлік-техникалық персоналы жыл сайын аттестациядан өтеді, әкімшілік және басқа да персонал үшін аттестаттау үш жылда бір рет жүргізіледі.
Биылғы жылы аттестаттауға 128 адам, оның ішінде «Көктерек» ҒБО 16 қызметкері, «Ақкөл» ҒБО 51 қызметкері және орталық аппараттың 61 қызметкері қатысты.
Кестеге сәйкес «Көктерек» және «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталықтарының инженерлері бірінші болып аттестациядан өтті. Одан кейін екі департаменттен, жобалық кеңседен, бес басқармадан, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінен, сондай-ақ жекелеген бөлімшелер мен мамандардан тұратын орталық аппараттың мамандары тапсырды.
Билеттердегі сұрақтар құрылымдық бөлімшелердің жұмыс ерекшеліктеріне, сондай-ақ еңбекті қорғау және кәсіпорынның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тақырыптарына арналды.
Аттестацияның мақсаты қызметкердің атқаратын лауазымына, біліктілік санатына сәйкестігін анықтау ғана емес, сонымен қатар қызметкерлердің кәсіби өсуін ынталандыру және жетілдіру болып табылады.
Ғарыштық байланыс инженерлері «Kazsat» ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесінің қалыпты жұмысын қамтамасыз етуде тәжірибелік білімнің жоғары кәсіби деңгейін көрсетті. Құрылымдық бөлімшелердің басшылары ұжым жұмысын жақсарту бойынша құнды ұсыныстарын айтты. Аттестаттау комиссиясының мүшелері атап өткендей, 2024 жылғы аттестаттау сәтті өтті.