Пресс-центр/
Жаңалық

Үстел теннисінен Ғарышкер Мұсабаев атындағы кубокты «РҒБО» АҚ командасы жеңіп алды

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Алуа Сарбалина
Күн: 28.10.2023

АСТАНА. ЖЕКЕ АҚПАРАТ – 2023 жылдың 28 қазанында ADD Table Tennis Center Astana жаңа заманауи спорт залында Талғат Мұсабаев атындағы Ғарышкер кубогы үшін үстел теннисінен екінші турнир өтті.

Турнирге сегіз команда қатысты. Аэроғарыш комитетінен екі команда: «Қазғарыш-1» және «Қазғарыш-2», «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-нан да екі команда: «Омега» және «Орион», «Ғалам» ЖШС «Ghalam-1» және «Ghalam-2» екі командасын ұсынды, «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ-нан екі команда: «КазСат» және «Кристалл». Әр команда екі еркек пен бір әйелден тұрады.

Мәртебелі қонақтардың қатарында Қазақстанның ғарыш ведомствосының, ҚР Үстел теннисі федерациясының, Қазғарыш кәсіпорындарының басшылары, шараның демеушілері бар.

Жарыс бес сағатқа созылды. Алғашқы екі орынның жеңімпаздары тез анықталса, «Ghalam-1» мен «Кристалл» командалары арасында үшінші орын үшін табан тірескен тартыс болды.



Сонымен, турнирдің қорытындысы бойынша «Ghalam-1» командасы («GHALAM» ЖШС) жалпы командалық 3-ші орынды иеленді. 2 орынды «Омега» командасы («Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ) иеленді. Турнир жеңімпазы және Мұсабаев атындағы ғарышкерлердің ауыспалы кубогының иегері «KAZSAT» командасы («РҒБО» АҚ) атанды.

Турнирдің бас төрешісі Андрей Швайдюк командалардың матч кездесулерінің хаттамалары бойынша ұпай жинау нәтижесі бойынша турнирдің ең үздік, ең мықты екі ойыншысын атады. Әйелдер арасындағы турнирдің үздік ойыншысы болып «Қазғарыш-2» командасынан (Аэроғарыш комитеті) Қырмызы Жандосова танылды. Турнирдің ерлер арасындағы үздік ойыншысы болып «КРИСТАЛЛ» командасынан («РҒБО» АҚ) Жұмабай Хайдаров танылды.

Жеңімпаздарға марапаттарды салтанатты түрде тапсыру құқығы аты аңызға айналған ұшқыш-ғарышкер, Қазақстанның Халық Қаһарманы, Қазғарыштың бірінші басшысы Талғат Мұсабаевқа берілді.

Жалпы командалық есепте жоғарғы пилотаж, спорттық гимнастикадан КСРО спорт шебері, жоғарғы пилотаждан КСРО чемпионы атанған Талғат Амангелдіұлы жастарға арнаған сөзінде алға қойған мақсатқа жетуде дене шынықтыру мен спорттың рөлін атап өтті. Жеңімпаздарды құттықтап, турнирді ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Сондай-ақ турнирдің барлық қатысушылары мен жеңімпаздарын Қазғарыш теннисі турнирлерінің бастамашысы және ұйымдастырушысы болып табылатын «РҒБО» АҚ Басқарма төрағасы Мәлік Жүйріктаев құттықтады. Жақында Астана үстел теннисі федерациясының вице-президенті болып тағайындалған «РҒБО» АҚ командасының өкілі Еркін Шаймағамбетов барлығына қатысқандары үшін алғысын білдірді.

Қазақстан Республикасында үстел теннисін дамытуға қосқан зор жеке үлесі үшін Қазақстан Республикасы Үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин және Қазақстан Республикасы Үстел теннисі федерациясының Бас хатшысы Данил Пак, үстел теннисі ардагерлері, жоғары білікті спорт төрешілері мен Қазғарыш командасының бас жаттықтырушылары Абай Шәріпов пен Сергей Бескоровайный, сондай-ақ Қазғарыш командасының ардагерлері Андрей Сурков, Андрей Швайдюк, Арман Тоимбетов, Татьяна Бородина, Еркін Шаймағамбетов «Жердің бірінші серігі» мерейтойлық медальдарымен марапатталды. Турнирдің 11 адамнан тұратын төрешілер тобына да естелік сыйлықтар табыс етілді.

Екінші жыл қатарынан екі қазақстандық компания – «Service Plasser Kazakhstan» ЖШС және «Механизация 1520» ЖШС спорттық шараға үлкен көмек пен демеушілік көрсетуде. Биылғы жылы турнирдің жаңа, «дәмді» демеушісі пайда болды, ол Рестобар «MARE».

Мұсабаев кубогы – Қазғарыш пен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының командалары арасында жыл сайынғы үстел теннисі турнирінің жеңімпазына берілетін арнайы жүлде. Кубок тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Талғат Амангелдіұлы Мұсабаевтың құрметіне аталған.



Мұсабаев атындағы Кубок ауыспалы болып табылады. Турнир аяқталғаннан кейін кубок жеңімпаз команданың капитанына беріледі және ол өкілдік ететін ұйымның кеңсесінде келесі турнирге дейін сақталады. Турнир жыл сайын қазан айында әлемдегі алғашқы жасанды жерсерігінің ұшырылған күніне және Дүниежүзілік ғарыш апталығына орай өткізіледі.

Әріптестеріміз – KAZSAT командасы – жеңімпаз және кубок иегері – Роман Акимовты, Еркін Шаймағамбетовты, Татьяна Бородинаны турнирдегі жеңістерімен, сондай-ақ «Кристалл» командасының мүшелері Анатолий Кулешов, Жұмабай Хайдаров және Гүлден Шегірді жеңіске жігерленген еркі үшін құттықтап, спортта және кәсіби қызметте жаңа табыстар мен жетістіктер тілейміз.