Пресс-центр/
Жаңалық

«Kazsat» ұлттық байланыс және хабар тарату ғарыштық жүйесіне 17 жыл: ұшу қалыпты!

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Тастенова Лида
Күн: 18.03.2021

НҰР-СҰЛТАН. ҚАЗАҚПАРАТ – ҚР Үкіметінің Қаулысымен 2003 жылы желтоқсанда Қазақстандағы алғашқы ұлттық байланыс және хабар тарату жерсеріктік жүйесін құру басталды. «Kazsat» байланыс және хабар тарату ғарыштық жүйесін құру және дамытудағы жауапты мемлекеттік тапсырма 2004 жылы 18 наурызда құрылған «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ-ға (РҒБО) тапсырылды. РҒБО өзінің 17 жылдық туған күнін қандай нәтижелермен қарсы алғаны, қазақстандық спутниктік байланыс топтамаларының болашағы мен мүмкіндіктерінің қандай екендігі туралы «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ Басқарма Төрағасы Мәлік Жүйріктаев «Қазақпарат» ХАО тілшісіне берген сұқбатында айтып берді.

- Мәлік Қуанышбекұлы, дәл бір жыл бұрын елге карантин енгізілгенде Қазақстанның ғарыштық байланысының стратегиялық объектілері де айырықша режимде болды. Кәсіпорынның 2020 жылғы жұмыс қорытындылары қандай?

- Барлық елдің байланыс, телехабар тарату, интернетке кең жолақты қолжетімділік қызметтеріне қажеттіліктері қамтамасыз етіліп отырған құрамында «Kazsat-2» және «Kazsat-З» екі байланыс жерсеріктері бар «Kazsat» байланыс және хабар тарату ғарыштық жүйесінің жұмысы штаттық режимде жасап тұр. «РҒБО» АҚ мамандары ғарыш аппараттарын Ақмола облысындағы «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығынан (ҒБО) және Алматы облысындағы «Көктерек» резервтік ҒБО-дан тәулік бойы басқарып отыр.

Қазіргі уақытта «Kazsat» ғарыштық байланыс жүйесінің жүктелуі шамамен 74%. Карантин жағдайында РҒБО объектілерінде короновирустың алдын-алу бойынша шектеу шаралары күшейтілді, ғарыштық байланыс жүйесінің үздіксіз жұмысы мен толықтай қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.

Айтып өткенімдей, РҒБО ақпараттық технологиялар мен телекоммуникация қызметтерінің рыногын транспондерлік сыйымдылықты спутниктік байланыс операторларына жалға беру арқылы тұрақты түрде 100 % қамтамасыз етеді. Біздің «Kazsat» байланыс жерсеріктерінің қызметтерін 15 негізгі қазақстандық байланыс және хабар тарату операторлары қолданады, оларда елдің аумағында орналасқан 13 мыңнан астам жерсеріктік байланыстың жерүсті станциялары бар.

Бірқатар сандарды ғана атап өтейін. 2011 жылдан бастап «Kazsat» ғарыштық байланыс жүйесін пайдаланудан 36, 19 млрд. тенге көлемінде жиынтықты табыс алынды, осы кезеңде импорт алмастыру 78,03 млрд. тенгені құрады. 2020 жылғы табыс - 7,6 млрд. тенге, жылдық импорт алмастыру 11, 68 млрд. тенге көлемінде қамтамасыз етілді. 2020 жылы республикалық бюджетке кәсіпорынның таза табысының 100% аударылды, бұл шамамен миллиард теңге.

- Болашақтағы маңызды жобалардың бірі алмастыратын «Kazsat-2R» жерсерігін құру болды. Жақында ҚР Президентінің алдында есеп беру барысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі «Kazsat-2R» жобасын инновациялық шешімдер, соның ішінде байланыстың жаңа буындағы жерсеріктік топтамаларымен байланысты шешімдердің пайдасына қатысты тоқтату туралы шешім қабылданғанын баяндады. «Бұл бюджеттің миллиардтаған қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді» - деп айтты. Сіздің пікіріңіз?

- Расында, «Kazsat-2R» жобасының негізгі міндеті «KazSat-2» жерсерігін жоспарлы алмастыру, Қазақстанның орбиталық-жиіліктік ресурсын қорғау және Нұр-Сұлтан қаласындағы ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін іске қосу болды. Алайда, осы жобаны жүзеге асыру бойынша әлеуетті әріптестерден келген ұсыныстар жобаның міндеттері мен мемлекет мүддесіне сәйкес келмеді. Осыған байланысты осындай шешім қабылданды.

Қазіргі уақытта жерсеріктік байланыс қызметінің нарығына жоғары бәсекелестік тән, операторлар мен соңғы тұтынушылар тарапынан қажеттілік күннен күнге өсуде. Арналардың өткізу қабілеттігін арттыру, сигнал сапасына сұраулар жаңа сервистерді енгізуді талап етеді және біз жаңа жерсеріктік технологиялар ұсынатын мүмкіндіктерден қалыс қалмауымыз керек. Әңгіме жаңа буын жүйелері туралы, бұл ғаламдық жылдамдығы жоғары төмен латентті геостационарлық емес жерсеріктік жүйелер (ГСЕО).

Әрине, РҒБО ұжымы бүгінгі күнгі барлық пайда болатын мүмкіндіктерді төмен орбиталы сервистерден де, геостационарлық орбитадағы (ГСО) классикалық жерсеріктерден де бас тартпай отырып қолданатын болады. Біз баспасөз-релизімізді осыған қатысты «қосымша геостационарлық жерсерікті құру бойынша жұмыстар жаңа тәсіл есебімен жалғасады» деп нақты мәлімдедік. Біздің жоспарда бір сервисті өзгеге қарама-қарсы қою (төмен орбиталыны ГСО-ға қарсы) жоқ екенін атап өткім келеді. Екі жүйені де бір-біріне толықтыру ретінде пайдалану мейлінше оңтайлы болады деп есептейміз.

«Kazsat-2R» жобасынан бас тарту отандық байланыс жүйесін дамыту бойынша жоспарларға теріс әсер етпейтінін атап өткім келеді. Ғарыштық байланыс жүйесінің барлық стратегиялық міндеттері орындалады. Жұмыс жасап тұрған «Kazsat» топтамасы бар сұранысты толықтай қанағаттандыратын болады. «Kazsat-2» жерсерігінің белсенді әрекет ету мерзімі аяқталғаннан кейін (шамамен 2024-2025 жылдары) мемлекеттік органдар мен әлеуетті қызметтерді «Kazsat-3» жерсерігіне көшіру жүзеге асырылатын болады. Осылайша, стратегиялық міндеттер, соның ішінде цифрлық телерадио хабар тарату, елдің қорғаныс қабілеттілігін қамтамасыз ету «Kazsat-3» жерсерігі арқылы атқарылатын болады. Оның сыйымдылығы бұл мақсаттар үшін жеткілікті. Одан ары қарай «Kazsat-3» жерсерігі технологияның барлық үрдістері мен дамуының есебімен уақыт пен ҚР заңнама талаптарына толықтай сәйкестендіріп алмастырылатын болады (шамамен 2029 жыл).

- «РҒБО» АҚ болашақтағы жоспарлары қандай?

- Қазіргі уақытта біздің компанияның алдында халықаралық деңгейге шығу, өнімді экспорттауды қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл жоспарда Қырғызстанмен ынтымақтасу бастамасы бар, Өзбекстан, Тәжікстанның жерсеріктік байланыс операторларымен жаңа жұмыстар күтіп отырмыз.

Қазақстанның жерсеріктік жүйесін тиімді пайдаланудың жаңа міндеттеріне байланысты бізді трансформациялау процесі күтуде. Алайда біздің кәсіпорынның байланыс пен хабар таратудың жерсеріктік жүйесін құру және пайдалану бойынша 17 жылдық тәжірибесі, РҒБО мамандарының күшті және ұйымшыл ұжымы бізге ғарыштық жүйені одан әрі жетілдірудің жаңа талаптарымен қатар жүруге мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Біздің компанияның туған күні Наурыз мерекесінің қарсаңында өтеді. Біздің ұжым әрқашан еңбек жетістіктерімен, жақсы дәстүрлермен және ұрпақ сабақтастығымен өздерін таныта білді. «РҒБО» АҚ-ның осындай ерекше қасиеттері әлі де бізбен қалады деп үміттенеміз. Осы сәтті пайдаланып, келе жатырған Наурыз мейрамымен құттықтағым келеді және табиғаттың өзінің күнтізбесі бойынша келе жатқан жаңа жылда барлығына бейбітшілік пен бақдәулет тілегім келеді.

- Сұқбат үшін рахмет, Республикалық ғарыштық байланыс орталығының ұжымына сәттілік пен табыстар тілейміз.