Қазақстан мен Қытай байланыс спутниктерін пайдалану бойынша ынтымақтастықты бастады
Төмен орбиталық спутниктер (ГСЕО) базасында кең жолақты байланыс қызметтерін ұсыну – қазіргі заманғы спутниктік жүйелерді дамытудың перспективалы бағыттарының бірі, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Қазіргі уақытта ҚР спутниктік байланыс және хабар тарату жүйесінің операторы «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ (РҒБО) осы саладағы қытайлық Shanghai Spacesail Technology Ltd компаниясымен ықтимал ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізуде (Spacesail).
Жақында Алматы облысында «Көктерек» ғарыштық байланыс орталығының алаңында «РҒБО» АҚ Қазақстанға көрсету үшін келген компания мамандарының, сондай-ақ ҚР мемлекеттік органдарының уәкілетті өкілдерінің қатысуымен Spacesail байланыс жүйесі мен жерүсті спутниктік абоненттік терминалдардың жұмысына тестілік сынақтар өткізді.
Қытайлық Shanghai SpaceSail компаниясының спутниктік интернетті сынақтан өткізу барысында қосылу жылдамдығы 200 Мбит/с дейін тіркелді, бұл технологияның жоғары әлеуетін растайды.
Shanghai SpaceSail жүйесі төмен орбиталық спутниктік байланыс негізінде құрылған. Мұндай спутниктер талшықты-оптикалық желілерді салу экономикалық немесе техникалық жағынан қиындық тудыратын шалғай және жетуі қиын өңірлерде интернетке тұрақты және жоғары жылдамдықта қосылуды қамтамасыз етеді, - делінген ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Жоба цифрлық теңсіздік міндеттерін шешуге бағытталған, спутниктік Интернет есебінен ауылдық мектептерді, медициналық мекемелерді, мобильді топтар мен инфрақұрылым объектілерін байланыспен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл заманауи телекоммуникациялық қызметтерге қолжетімділікті кеңейтуге және ауылдық елді мекендерде өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Серіктестікті дамыту аясында қазақстандық делегация Шанхайдағы Shanghai SpaceSail компаниясының бас кеңсесіне барып, технологиялық шешімдермен және өндірістік үдеріспен танысты. Тараптар ұзақ мерзімді ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Жоспарға сәйкес, компания 2026 жылы Қазақстан аумағында қызметін бастауды жоспарлап отыр.
Белгілі болғандай, қытайлық Shanghai Spacesail компаниясы ҚР заңнамасына сәйкес «РҒБО» АҚ «Ақкөл» және «Көктерек» ғарыштық байланыс орталықтарында шлюз станцияларын орналастыруды жоспарлап отыр.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі елдегі цифрлық сервистерді дамытуға бағытталған технологиялық бастамаларды құптайды және егер ол азаматтардың қажеттіліктеріне жауап берсе және өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етсе, ынтымақтастыққа ашық, деп атап өтті ҚР ЦДИАӨМ.
Ғарыштық байланыс инженерлерінің жұмысы туралы толығырақ мына жерден оқи аласыз.
Қазақстан мен Қытай байланыс спутниктерін пайдалану бойынша ынтымақтастықты бастады.