Орбитада 11 жыл - Kazsat-3 байланыс спутнигі туған күнін атап өтті

АСТАНА. ЖЕКЕ АҚПАРАТ - Осыдан 11 жыл бұрын, 2014 жылдың 28 сәуірінде «Байқоңыр» ғарыш айлағының №81 алаңынан үшінші қазақстандық «Kazsat-3» байланыс және хабар тарату жерсерігі бар «Протон-М» зымыран тасығышы сәтті ұшырылды.
Kazsat-3-ті құру және ұшыру бойынша конкурс 2010 жылдың наурыз айының басында жарияланды, оған алты компания қатысты. 2011 жылдың 20 маусымында «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ конкурс жеңімпазы ресейлік кәсіпорын «Академик М.Ф. Решетнев атындағы ақпараттық спутниктік жүйелер» ААҚ-мен жерсерікті өндіруге келісімшартқа отырды. Kazsat-3 ғарыш аппаратының пайдалы жүктеме модулінің жабдығын Thales Alenia Space компаниясының итальяндық бөлімшесі шығарылды.
Сонымен қатар «Kazsat-2» байланыс жерсерігін ұшыруға дайындық бойынша белсенді жұмыстар жүргізілді. «Kazsat-2» екінші қазақстандық байланыс жерсерігі 2011 жылдың 16 шілдесінде, Kazsat-3-ке келісімшартқа қол қойылғаннан кейін 25 күннен кейін ұшырылды.
«Kazsat-3» байланыс және хабар тарату ғарыш аппаратын ресейлік өндірушіден қабылдау 2014 жылдың соңында өтті, ал 2015 жылдың қаңтарында Қазғарыштың арнайы комиссиясы «Kazsat-3» ғарыштық байланыс жүйесін, оның ішінде Ақкөл қаласында ғарыш аппаратын жерүсті басқару кешенін құру бойынша аяқталған жобаның нәтижелерін қабылдау актісіне қол қойды.
«Kazsat-3» ғарыш аппаратының әрекет ету мерзімі – 15 жыл, техникалық ресурсы 16,5 жылды құрайды.
2016 жылдың 1 наурызынан бастап OTAU TV ұлттық жесеріктік телевидениесінің абоненттері осы бортқа ауыстырылды, Қазақстандағы барлық телехабарлар Kazsat-3 арқылы жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда екі хабар тарататын Kazsat-2, Kazsat-3 ғарыш аппараттарынан және екі «Ақкөл» ҒБО және «Көктерек» ҒБО жерүсті басқару кешенінен тұратын «Kazsat» ғарыштық байланыс жүйесі (ҒБЖ) штаттық режимде жұмыс істейді.
«РҒБО» АҚ орталық аппаратында кәсіпорынның барлық қызметкерлерінің қатысуымен Kazsat-3 жерсерігінің ұшырылғанына 11 жыл толуына орай құттықтау рәсімі өтті.
Ғарыш жүйелері департаментінің директоры Виктор Лефтер өз сөзінде «Байқоңыр» ғарыш айлағында үшінші қазақстандық байланыс жерсерігі қалай ұшырылғаны туралы естеліктерімен бөлісті.
«РҒБО» АҚ Басқарма төрағасы Мәлік Жүйріктаев ұжымды атаулы күнмен құттықтап, баршаға алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
