Пресс-центр/
Жаңалық

«РҒБО» АҚ «Қазақстанның жұлдызды жолы» көрмесін дайындауға қатысты

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Алуа Сарбалина
Күн: 03.10.2026

АСТАНА - 2026 жылғы 2 қазанда ҚР Президенттік орталығында қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқанына 35 жыл толуына, оның 80 жылдық мерейтойына және тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Талғат Мұсабаевтың 75 жылдығына арналған «Қазақстанның жұлдызды жолы» көрмесінің ашылуы өтті.

Іс-шараның бірлескен ұйымдастырушысы ҚР ЖИЦДМ Аэроғарыш комитеті болып, «РҒБО» АҚ белсенді қатысты.

Көрменің ашылуы тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Талғат Мұсабаевты еске алуға арналған бір минуттық үнсіздікпен басталды.

Белгілі болғандай, қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, ҚР авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров 1991 жылғы 2 қазанда Байқоңыр ғарыш айлағынан еліміздің тарихындағы тұңғыш ғарыш сапарына аттанды.

«1991 жылғы 2 қазанда жүзеге асқан бұл тарихи ұшу 1991 жылғы 16 желтоқсанда жариялаған тәуелсіздігіміздің өзіндік прологына айналды. Т. Әубәкіровтен кейін Қазақстанның даңқты ғарыш шежіресін ғарышкерлер Т. Мұсабаев пен А.Айымбетов жалғастырды. Биыл 75 жасқа толар еді деп отырған Халық Қаһарманы Талғат Мұсабаевтың отандық ғарыш саласының тарихында алар орны ерекше. Даңқты отандасымыз ғарышқа үш рет ұшып, орбитада жалпы алғанда бір жылдан астам уақыт өткізді, оның ішінде бір тәуліктен астам уақыт ашық ғарыш кеңістігінде болды. Екінші ғарышкеріміз, Халық Қаһарманы А. Айымбетов бүгінде арамызда отыр. Қазіргі уақытта қазақстандық-ресейлік «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорнын басқара отырып, оның Қазақстанның ғарыш державалары клубына ену үдерісіне қосқан үлесі зор», – деді өз сөзінде ҚР Президенттік орталығының директоры Бахытжан Темірболат.

Көрме аясында келушілер назарына 170-тен астам музейлік жәдігер мен тарихи-танымдық материалдар ұсынылды. Олар ҚР Президенттік орталығының, ҚР Ұлттық музейінің, ҚР Қарулы Күштері Әскери-тарихи музейінің, Ақтөбе облыстық планетарийінің қорларынан, Қазақстан ғарыш шежіресін жазушы, «РҒБО» АҚ баспасөз хатшысы Сара Нұрғалиеваның. жеке мұрағатынан алынған.

Өз сөзінде ҚР ЖИЦДМ Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов отандық ғарыш саласын дамытудағы қазақстандық ғарышкерлердің айрықша рөлін атап өтті:

«Бұл адамдар қазіргі заманғы ғарыш саласының берік негізін қалады. Қазіргі уақытта Қазақстанның Жер маңындағы орбитада 5 жерсерігі бар. Біз ғарыш аппараттарын тек өз қажеттіліктеріміз үшін ғана емес, экспортқа да шығарамыз. Ал бұл еліміздің технологиялық даму деңгейінің анағұрлым жоғары сатыға көтерілгенін көрсетеді. Сонымен қатар, 30 сәуірде Байқоңыр ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыштық-ракеталық кешенінен «Сұңқар» орта класты зымыран-тасығышының алғашқы сынақтық ұшырылымы сәтті жүзеге асырылды. Бұл ұшыру кешеннің пайдалануға дайын екенін және Қазақстанның ғарыштық қызметтер нарығына шығу әлеуетінің бар екенін растады», – деп атап өтті Б. Оралмағамбетов.

«Бәйтерек» БК» АҚ Басқарма төрағасы, Қазақстанның Халық Қаһарманы, ұшқыш-ғарышкер Айдын Айымбетов ҚР Президенттік орталығының ұжымына ерекше алғысын білдіріп, еліміздің ғарыш қызметін дамыту жөніндегі өз көзқарасымен бөлісті:

«Қазақ ғарышкерінің ғарышқа алғаш ұшқанына тура 35 жыл өтті. Алайда ғалам үшін бұл – қас-қағым сәт қана. Осы уақыт аралығында Қазақстанда ғарыш аппараттарын құрастыру-сынақтан өткізуге арналған өзіміздің кешеніміз пайда болып, бүгінде табысты жұмыс істеп тұр. Мұнда жас мамандарымыз жобалау кезеңінен бастап, барлық қажетті сынақтарды жүргізуге дейінгі барлық үдерістерді қамти отырып, жерсеріктерді өздері құрастырады. Ал «Сұңқар» ЗТ сәтті ұшырылуы озық ойлы жастарымыздың зор әлеуетке ие екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, батылдығы мен кәсібилігінің арқасында Қазақстанға ғарышқа жол ашқан ғарышкерлеріміз олар үшін үлгі-өнеге болып табылады».

Көрме екі бөлімнен тұрады: Бірінші бөлімде Т. Әубәкіров пен Т. Мұсабаевтың ғарыш сапарларына қатысты бірегей музейлік жәдігерлер ұсынылған. Олардың қатарында Т. Әубәкіровтің ғарыштық экипировкасының құрамындағы қолғап, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы, Байқоңыр жері салынған капсула, Т. Мұсабаевтың ғарышқа өзімен бірге алып барған басқа да заттары, сондай-ақ ғарышкерлерге арналған азық-түлік жиынтықтары бар.

Екінші бөлім тәуелсіз Қазақстанның ғарыш қызметінің дамуына арналған, оның ішінде Айдын Айымбетовтің ғарыш сапары, ғарыш саласының заманауи жетістіктері мен перспективалық даму бағыттары қамтылған.