Пресс-центр/
Жаңалық

KazSat-3R жерсерігін жасау үшін бес шетелдік компания бәсекелеседі

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Алуа Сарбалина
Күн: 26.05.2026

Қытай, Ресей, Түркия және Финляндиядан ғарыш технологиясын өндірушілер конкурсқа қатысуға өтінімдер берді.

«Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ (РҒБО) ішкі конкурсына қатысу үшін бес шетелдік компания өтінім берген. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің депутаттардың сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығының тілшісі.

Министрдің түсіндіруінше, «KazSat-3R» жобасын іске асыру жөніндегі жұмыстарды сатып алу екі кезеңде жүзеге асырылады: РҒБО әлеуетті жеткізушіні ішкі іріктеуден өткізуі; қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік сатып алуды жүргізу.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, 2025 жылғы 15 желтоқсанда РҒБО әлемдік ғарыш техникасын өндіретін 40 компанияға шақыру хаттарын жолдаған. Олардың қатарында Airbus Defense & Space, Thales Alenia Space, Turkish Aerospace Industries, China Great Wall Industry Corporation, OHB SE және басқа да компаниялар бар.

«2026 жылғы 23 сәуірде бес компания – China Great Wall Industry Corporation (ҚХР), Shanghai Engineering Center for Microsatellites (ҚХР), «Главкосмос» АҚ (РФ), ReOrbit Oy (Финляндия), Turkish Aerospace Industries (Түркия) – конкурсқа қатысу үшін өтінім берді. Қазіргі уақытта ұсынылған өтінімдер анықталған ескертулерді ескере отырып пысықтауға жіберілді, материалдарды қайта тапсыру мерзімі – 2026 жылғы маусым айының соңына дейін. Келесі кезең коммерциялық ұсыныстарды қарау және жеңімпазды анықтау болып табылады, одан кейін мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіліп, 2026 жылдың соңына дейін келісімшарт жасасу жоспарлануда. Осылайша, ғарыш техникасын өндіретін жетекші әлемдік компаниялардың ішкі іріктеуге қатысуы қамтамасыз етілді. Іріктеу рәсімдері ашықтық, объективтілік және барлық қатысушылар үшін тең жағдай қағидаттарын сақтай отырып жүзеге асырылады», – делінген хабарламада.

Ол «KazSat-3R» жобасына қойылатын техникалық талаптар ұлттық қауіпсіздік саласындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес әзірленгенін атап өтті. «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңға сәйкес байланыс басқару орталығын Қазақстан аумағында орналастыру міндетті түрде көзделген. Жобаны іске асыру барысында байланыс арналарын дербестендіру қамтамасыз етіледі және «KazSat-3R» жобасының параметрлерін түзету қажеттілігі болмайды. Бұған дейін Amanat партиясы фракциясының мүшелері «ең сенімді әрі заманауи шешімді таңдау мақсатында, тек формалды сатып алу рәсімдерін емес, қолданыстағы заңнама аясында ғарыш саласының әлемдік көшбасшыларын «KazSat-3R» конкурсына қатыстырудың ықтимал тетіктерін қарастыруды» ұсынған болатын.

Депутаттар 2029 жылы «KazSat-3» жерсерігінің пайдалану мерзімі аяқталатынын атап өтіп, Қазақстанның орбиталық-жиіліктік ресурсын жоғалтпау үшін шұғыл әрі нақты шешімдер қабылдау қажет екенін жеткізді.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы желтоқсанда 2029 жылы «KazSat-3» жерсерігін жаңа «KazSat-3R» жерсерігімен алмастыру жоспарланып отырғаны хабарланған болатын. Жаңа ғарыш жүйесін құру бойынша РҒБО өткізген алғашқы конкурсқа сол кезде 14 компания қатысқан: олардың екеуі қазақстандық, ал 12-сі шетелдік. «KazSat-3R» жобасын қаржыландыру екі көзден жүзеге асырылмақ. Ғарыш жүйесі құнының 50 пайыздан астамын РҒБО өз қаражаты есебінен төлейді, ал қалған бөлігі республикалық бюджеттен бөлінеді.

Премьер-Министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында жаңа ғарыштық байланыс жүйесін құруға 87,2 млрд теңге бөліну жоспарланып отырғанын хабарлаған.

Дереккөз: https://kapital.kz/tehnology/148461/pyat-zarubezhnyh-kompanij-poboryutsya-za-sozdanie-sputnika-kazsat-3r.html