«Ақкөл» ҒБО-да жоспарлы өртке қарсы оқу-жаттығуы өтті
АҚКӨЛ – 2026 жылғы 25 маусымда «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығының (ҒБО) аумағында персоналды эвакуациялау және шартты өртті сөндіру бойынша жоспарлы нысандық оқу-жаттығу сәтті аяқталды.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – басшылық пен қызметкерлердің төтенше жағдайларға дайындығын тексеру, сондай-ақ стратегиялық нысанның өртке қарсы қорғанысының жалпы деңгейін арттыру. «Ақкөл» ҒБО орманды алқапта орналасқанын ескерсек, мұндай оқытудың өзектілігі мен маңызы арта түседі.
Дәл сағат 10:00-де нысанда автоматты өрт дабылы мен хабарлау жүйесі іске қосылды. Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, өрт ошағы асхана үй-жайында анықталды. Жауапты тұлғалардың үйлесімді іс-қимылының арқасында персонал белгіленген нормативтік уақыт ішінде, яғни небәрі 4 минутта ғимараттан эвакуацияланды. Сонымен қатар, конференц-залдан тауарлық-материалдық құндылықтарды эвакуациялау сәтті ұйымдастырылды.
Оқу-жаттығуға 39 адам қатысты. Шартты өртті сөндіру барысында арнайы техника мен жабдықтар пайдаланылды: өрт сөндіру мотопомпасы, МТЗ-82 тракторы базасындағы «Водолей» өрт сөндіру кешені, жазғы өртке қарсы су құбыры мен өрт сөндіру су айдыны, өрт сөндіргіштер, арқалық бүріккіштер және өрт сөндіру қалақшалары.
«Осындай оқу-жаттығуларды өткізу – ұжымымыздың қауіпсіздігінің кепілі. Біз төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету дағдыларын тұрақты түрде пысықтап отырамыз. Бұл нақты жағдайда әрбір қызметкердің нақты, жедел әрі үрейге бой алдырмай әрекет етуіне мүмкіндік береді, – деп атап өтті «Ақкөл» ҒБО директоры Қайрат Телғарин.
Оқу-жаттығудың қорытындысы бойынша персоналдың іс-қимылы сәтті деп танылды, ал ғимараттың өртке қарсы қорғаныс жүйелерінің барлығы штаттық режимде жұмыс істеді. Мұндай іс-шаралар «РҒБО» АҚ-да Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және «РҒБО» АҚ-ның 2026 жылға арналған өрт қауіпсіздігі жөніндегі ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралар жоспарына сәйкес тұрақты негізде өткізіледі.