Пресс-центр/
Жаңалық

Ақкөл қаласында Байқоңыр қаласының 70 жылдығына орай футболдан турнир өтті

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Алуа Сарбалина
Күн: 16.06.2025

«Байқоңыр» ғарыш кешенінің құрылғанына 70 жыл толуына арналған футбол турниріне сегіз команда қатысты: «РҒБО» АҚ, «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ, «Ghalam» ЖШС-нің екі командасы, «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ, Автономды кластерлік қор «Инновациялық технологиялар паркі (Астана хаб), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университеті, Аэроғарыш комитеті мен «Қазгеодезия» РМКК бірлескен тобы.

Турнирге қатысушылар алдында ҚР ЦДИАӨМ Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов пен «РҒБО» АҚ Басқарма төрағасы Мәлік Жүйріктаев құттықтау сөз сөйлеп, Байқоңырдың тарихи датасының Қазақстан кеңістігі үшін маңызын атап өтіп, қатысушыларға сәтті ойын және жақсы демалыс тіледі.

Гумилев атындағы ЕҰУ ақпараттық технологиялар факультетінің «Жүйелік талдау және менеджмент» кафедрасының меңгерушісі Дусмат Жаманғарин ЕҰУ ректоры атынан «РҒБО» АҚ басшысына бірлескен табысты ынтымақтастық үшін алғыс хат табыс етті.

«Байқоңырдың 70 жылдығы» кубогы үшін футболдан жарыс бес сағатқа созылды. Екі кіші топтағы ойындардың қорытындысы бойынша жартылай финалға келесі командалар шықты: РҒБО, Астана хаб және екі «Ghalam» командасы. Финалда «РҒБО» АҚ мен «Астана хаб» футболшылары кездесті.

Өте тартысты жекпе-жекте турнирдің қонақтары – «Инновациялық технологиялар паркі» (Астана хаб) автономды кластерлік қорының өкілдері турнир жеңімпаздары атанды, олар 2:1 есебімен алаң иелерін – «РҒБО» АҚ футбол командасын ұтты. Үшінші орынды «Ghalam» ЖШС футболшылары иеленді.

Мерейтойлық ғарыш кубогы мен жеңімпаздарға дипломдарды Қазғарыш басшысы Б.Оралмағамбетов табыс етті.

Турнирді ұйымдастырушылар – «РҒБО» АҚ қызметкерлері турнирге отбасымен келген қонақтарға орманда серуендеп, ойын-сауық ұйымдастырып, дастархан жайды.