Пресс-центр/
Жаңалық

«Ауыл әйелі» республикалық форумының қатысушылары «Ақкөл» ҒБО-да болды

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Алуа Сарбалина
Күн: 04.12.2025

2025 жылғы 4 желтоқсанда Ақкөл қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия «Ауыл» партиясымен бірлесіп ұйымдастырған «Ауыл әйелі: Бірлік. Даму. Болашақ» республикалық форумы өтті.

Сол күні форумның 50-ден астам қатысушысы «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығына (ҒБО) барды. Қазақстанның бірегей ғарыш инфрақұрылымы объектісіне экскурсия ұйымдастыру туралы Ақкөл ауданының әкімдігі «РҒБО» АҚ басшылығына жүгінді.

Қонақтарды «РҒБО» АҚ Басқарма төрағасы Мәлік Жүйріктаев пен Орталықтың директоры Қайрат Телғарин қарсы алды, олар форум қатысушыларына «KazSat» ғарыштық байланыс және хабар тарату аппараттарының орбитада қалай жұмыс істейтінін, «Ақкөл» ҒБО жерүсті кешенінен жерсеріктерді басқару қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді.

Орталыққа келген форум қатысушыларының қатарында әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің ата – анасы Қанат пен Светлана Айтбаевтар болды, олар қонақтарға арналған кітапта өз пікірлерін қалдырды.

«Ауыл» партиясы Орталық аппараты басшысының орынбасары, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Әйгерім Сәрсенбаева «РҒБО» АҚ басшылығына Қазақстанның ауылдық әйелдеріне танымдық экскурсия жасағаны үшін алғыс білдірді.