Қазақстандық және қытайлық мамандар жерсеріктік байланысты дамыту мәселесін талқылады
Қытай астанасында ғарыш саласындағы ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-қытай жұмыс тобының үшінші отырысы өтті. ЖИЦДМ Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов бастаған қазақстандық делегация құрамына Қазақстанның ғарыш саласы кәсіпорындарының басшылары кірді.
Қабылдаушы тарап Қытай Ұлттық Ғарыш Әкімшілігі болды, отырысқа ҚХР аэроғарыш саласының жеке және мемлекеттік компанияларының өкілдері де қатысты.
Келіссөздер қорытындысы бойынша «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ (РҒБО) жұмыс тобының үшінші отырысының хаттамасына ғарыштық байланыс жүйелерін бірлесіп әзірлеу бойынша бірқатар ұсыныстар енгізуге бастамашылық жасады.
KazSat-3R ғарыш аппаратын құру жобасы бойынша конкурсқа қытай компанияларының (China Great Wall Industries Corporation, Shanghai Engineering Centre for Microsatellites және т.б.) қатысуы және «Shanghai Spacesail Technologies CO., Ltd.» компаниясымен геостационарлық емес байланыс жүйесінің қызметтерін дамыту бойынша бірлескен жұмыс мәселелерін екі тарап та қолдап, Жұмыс тобының үшінші отырысының қорытындысы бойынша қол қойылған хаттамаға енді.
Сондай-ақ, Бейжіңге сапары аясында «РҒБО» АҚ басшысы Мәлік Жүйріктаев келесі қытайлық компаниялармен бірқатар кездесулер өткізді: China Great Wall Industry Corporation (CGWIC), Shanghai Engineering Centre for Microsatellites (SECM), GeeSpace, Shanghai Spacesail Technologies CO., Ltd. (SpaceSail).
SpaceSail компаниясының ҚР аумағында қызметті белсенді ілгерілету жөніндегі жоспарлары толығырақ талқыланды. SpaceSail бүгінгі күні орбитада топтастырудың 108 жерсерігі бар екенін, 2026 жылдың соңына қарай жерсеріктердің санын 324-ке дейін жеткізу жоспарланғанын, бұл ҚР аумағын тәулігіне 24 сағат толық қамтуды қамтамасыз ететінін, оларды ұшыруға келісімшарттар жасалғанын хабарлады.
SpaceSail сонымен қатар «РҒБО» АҚ «Ақкөл» ҒБО базасында шлюз станциясын салу жоспарларын растады, оның құрылысы 2026 жылдың екінші жартысында басталады деп күтілуде. Тараптар ҚР мемлекеттік органдары мен әлеуметтік нысандарына қызмет көрсету саласындағы ынтымақтастықты талқылады, ал SpaceSail бұл мәселе бойынша «РҒБО» АҚ-мен ынтымақтастық жасауға дайын екенін растады.